13 сәуір күні Қырғызстан астанасы Бішкек қаласында алкогольді ішімдікке сылқия тойып алған 35 жастағы ер азамат 4 жастағы қызды зорлаған. Қырғызстандық "Кабарлар.орг" сайты хабарлайды.
Қырғызстандық ресми БАҚ - МА ШИИББ-ның баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, жантүршігерлік оқиға 13 сәуір күні кешкі 19:30 шамасында Бішкек қалалық авто бекеттің батыс бөлігінде орналасқан тұрғын үйлердің бірінде болған. Таныстарының үйіне қонаққа келген 25-35 жас аралығындағы 3 ер азамат дастархан басында алкогольдік ішімдікке сылқия тойып алады. Отырыс соңында қатты масайып қалған жігіттер төбелес шығарып, арты дау-дамайға ұласқан. Мәселені үйдің сыртында шешпек болып, барлығы далаға шығып кеткенде, қонақтардың біреуі үйде қалып қояды. 35 жастағы ер азамат жатын бөлмеде ұйықтап жатқан 4 жасар қызды алдап, "Әкеңді милиция алып кетті, жүр" деп бейтаныс жаққа ұрлап әкеткен. Ал дау тарқаған кезде қыздың ата-анасы үйдегі қызы мен қонақты таппай қалады да, дереу құқық қорғау органдарына хабарлайды. Ал құқық қорғау қызметкерлі жоғалған қыздың өлі денесін ертесі таңертең сол маңайдағы көшелердің бірінен тапқан. 4 жасар қыздың денесіне жасалған сараптама қорытындысы, мәйіттің жан тапсырмас бұрын ауыр соққы алғанын және зорланғанын көрсеткен. Қазір аталмыш оқиғаға күдікті деген азамат тұтқындалып, үстінен қылмыстық іс қозғалған.
Нұрзат Тоғжан