"Махаббаттың мәні" Санжар Керімбайдың көзқарасымен

/uploads/thumbnail/20181130170725268_small.jpg

«Махаббаттың мәні» кітабының атауын қарап, «Е, дүкен сөрелерінде толып тұрған махаббатқа қатысты жеңіл-желпі кітап болар» деп топшылауыңыз мүмкін. Алайда, бұл кітап көз үйренген «Қызды ғашық етудің 10 әдісі», «Күйеуіңді ұстап қалудың 20 тәсілі» секілді кітап емес. Бұлар махаббатты тек бетінен ғана сылап-сипап қана қойса, Санжар Керімбайдың кітабында махаббатты тереңінен қозғап, махаббаттан тарайтын тармақтарды саралайды. Азаматтық неке, некесіз туған бала, аборт, сәбиінен бас тарту, оны қоқысқа тастап кету секілді т.б көптеген мәселенің түбіріне үңіледі.

Кітап эксизтенция әдісімен талданған.

Экзистенция дегеніміз адам болмысынан яғни рухынан шығып, адами қасиет болып көрінетін феномендерді айтады.

Махаббатқа жасалған қиянат

«ССРО қазақтарға қандай зардап тигізді?» дегенде, ең алдымен, қазақ қоғамынан қазақ тілін, дәстүрлі дінді тамырымен жұлып алуды көздеді, аштық пен соғысты айтамыз. Алайда «Махаббаттың мәнінде» ССРО-ның жүргізген саясаты ұлттық мүддеден бөлек, рухани мүддеге де қол сұқты. Махаббатқа қиянат жасады. Қазір қоғамның өзекті проблемасына айналған – сәбиінен бас тарту, онымен қоймай, өмірін қатерге тігіп, қоқысқа, дәретханаға тастауы, неке деген асыл түсінікті тас-талқан етті. Оған дәлел ретінде нақты тарихи факторларды келтіреді. Онда аборт жасауға, некесіз бала тууға, азаматтық некеде тұруға, еркін жыныстық қатынасқа түсуге үгіттейді.

ССРО кезінде қабылданған заңдардың салдарынан махаббат тек романтикамен ғана шектелетін болды. Мына қызыққа қараңыз, Батыс елдері абортқа 1970 жылы көп ойланып, толғанып рұқсат берсе, ССРО оны 50 жыл бұрын, яғни 1920 жылы заң жүзінде рұқсат беріп қойған. ССРО әлем бойынша аборт жасаудан алдыңғы орынға шықты. Осы кезде «Барлық бәле - Батыстан» деген стереотиптің күл -талқаны шығады.

Қазіргі қоғамдағы азғындықтың тұқымын ССРО сол кезде-ақ егіп кеткен екен. Қазір ол тамырын тереңге жайып барады.

Шынайы махаббат дегеніміз не?

Осы сұрақты өзіңізге қойып көрдіңіз бе? «Махаббаттың мәнінде» шынайы махаббат адамның түр, сипатына, тәтті қылығына қызығу немесе физиологиялық түрде қалау емес екенін, шынайы махаббат адамның болмысын сүю екенін айтады. Оған мынадай өмірлік мысал келтіреді.

Қыз бен жігіт әлеуметтік желі арқылы танысып, бір-бірін сүйіп қалады. Қыз жігіттен мүгедек екенін жасырып, кездесуден бас тартып жүреді. Жігіт қыз жүре алмайтынын білсе де, онымен отбасын құрып, өмірдің ащысы мен тұщысын бірге көруге бел буады. Қыздың да, жігіттің де туыстарының тарапынан қарсылыққа қарамастан екеуі отбасын құрады.

Мұндай мысалдар жетіп артылады. Бұдан шығатын қорытынды - адам орнын баса алмайтын, алмастыруға келмейтін адамды кездестіргенде онымен мәңгілікке бірге болуға серттеседі. 

Осыдан кейін адамда орынсыз қызғанышқа, «менен де жас, сұлу қызға кетіп қалады» деген қорқынышқа орын болмайды.

Шынайы махаббатпен табысқан адамның бойында қажетті қасиеттердің барлығы бар, өзің іздеген, қалаған адамды тапқанда  оны басқа біреумен алмастыру ойыңа кіріп те, шықпайды.

Шынайы махаббат екі ғашық бірге болмаса да өлмейді. Олар бір-бірінің игілігі үшін өмір сүруден ләззат алады. Бірге болмаса да іштей жақсылық, мол бақыт тілейді.

Абай бұл мөлдір сезімді өзінің мына өлең жолдарында керемет суреттейді:

Ғашықтық, құмарлық пен - ол екі жол,

Құмарлық бір нәпсі үшін болады сол.

Сенен артық жан жоқ деп ғашық болдым.,

Мен не болсам болайын, сен аман бол.

Бәріне кінәлі әйелдің өзі!

Қазір  қыз зорланып жатса да, өзі кінәлі болатын заманда өмір сүріп жатырмыз. Оның түп-тамыры азғындықты әйелден көруден бастау алады. Кітапта қонаққа арналған кәмпитті жеп қойған баланы мысалға келтіреді. Ересек адам кішкентай баладай «кәмпит ашық тұрғаннан кейін жеп қойдым. Неге жауып қоймайсыңдар?!» деп ренжуі орынсыз әрі күлкілі.

«Махаббаттың мәні» кітабында адам мен жануардың айырмашылығы және  екеуіне де ортақ мінездің ара жігі ажыратылып берген. Кейде адам опасыздыққа барып, оған мың түрлі сылтау ойлап табады. 

Кітапта "еркіндік жауапкершілікпен қатар өмір сүру керек" дейді. Себебі, жауапкершіліксіз еркіндік айуандыққа әкеледі деп топшылайды.

Адам еркіндікті "не қаласам соны істеймін" деген принциппен және ол үшін жауапкершілікті сезінбесе оның арты қайғылы оқиғаға әкеп соғады.

Объективті сұлулық пен талғам

Кітапта отбасын құру, жар таңдауда бұрынғы және қазіргі негізгі критерийлерге тоқталып өткен.

Қазақ адамның тегіне көп мән берген. Өмірлік жолдас таңдағанда оның тегіне, ақыл, парасатына, тәрбиесіне қараған. Оған халық арасында тараған түрлі аңыздарды мысал етіп келтіреді. Ал қазір ер адамдар үшін бет әлпеті бірінші қатарға суырылып шықты.

 "Маxаббаттың мәні" кітабында сұлулық объективті болу тиіс" дейді, яғни адам бойында АР-ҰЯТ, ЕРКІНДІК, ЖАУАПКЕРШІЛІК болуы керек. Мұны псиxиатр Виктор Франкл "жеткілікті шарт" деп атайды. Ал түр, сымбат ол - талғам, яғни субьективті пікір. Ол - "қажетті шарт". Екіншісі уақыт өте өзгеріске ұшырайды. Ал нағыз сұлулықтың сәулесі сөнбейді, қартаймайды. Ортақ сұлулық стандартына ұмтылып, объективті сұлулықты дамытпайтындарды кітапта  xорда ән айтып тұрған бір топ қызға ұқсатады. Мәселен, олардың біреуін алмастырсаң немесе біреуін алып тастасаң да, оны ешкім байқамайды. Себебі, ешқайсысы ерекшеленіп тұрған жоқ. Бірдей дауыс, бірдей ырғақ. Кітаптағы маxаббаттағы сұлулық тарауына қатысты жоғарыда атап өткен жеткілікші шарт бақ не сор болып жабысуы мүмкін, ал қажетті шарт адамға бақ әкелуіне көмектеседі деп түйіндейді. 

Отбасы берекесі

Санжар Керімбай кітапта «Ер азамат трансценденция жасау керек!» екенін айтады.

Трансценденция -  шекараны қиып, өзіңнен тысқары аймаққа өту.

Адамдардың туыс-туғанымен араласып, хал сұрасып, ауырып жатқан адамның жағдайын білу, жақыны қайтыс болған адамға көңіл айту, Наурыз, Айт мейрамдарында бір-бірімен көрісу, құттықтау арқылы адам тұйыққа тірелмейді.

Осы ретте адам отбасында береке мен бірлікті, құтты сақтап қалу үшін ер адам отбасына мән алып керу керек дейді. Себебі, бұған дейін нәпақаны ер адамдар табатын болды. Ежелгі заманда ер азаматтар аңшылыққа шықты. Әйел үңгірде оның амандығын тілеп отырды. Ер адам болмаса, әйел нанын таба алмай өлетін жағдайда болды. Қазір заман да, жағдай да өзгерді. Әйел өз күнін өзі көре алатын жағдайға жетті. Материалдық тұрғысынан ер адамға тәуелді емес. Яғни, ер адам отбасына мән алып келу керек дейді. Яғни, үнемі дамып, өсіп, өніп отыру қажет. Сонда әйел мен ер адамның арасындағы махаббат оты сөнбейді. 

Бұл ретте де ССРО-ның салқыны тимей қоймады. Бұрындары әйел адам ер адамнан төмен тұрды. Коммунистер әйел мен ер тең деді. Кітапта оның дұрыс екені айтылады. Уақыт өте келе әйелдер ер адамдардан бірнеше сатыға көтерілді. Осыдан «ең алдымен қызға білім  беру керек, ер бала өзі күнін өзі көреді» деген секілді басымдықтар қыз балаға беріле бастады.

Кейбір ер адамдардың ынжықтығы, білімсіздігі, мақсат қоймай, өмір ағымымен жүре беретіндерді осылайша түсіндіреді.

Махаббат өмір мәні ме?

Кітапта махаббатты жан-жақты саралай келе, махаббат өмірдің мәні емес деген қорытынды жасайды. Себебі, "махаббат адамға тегін берілетін Құдайдың сыйы" дейді. Махаббат өмірдің мәні бола ала ма дегенде, өмірдің мәніне үңіледі. Адамзатқа өмірдің мәнін ұғындыратын ортақ жолды нұсқамайды, ондай жол жоқ екенін де айтады. Бірақ экзистенцияда өмірдің мәнін табуға көмектесетін еркіндік, жауапкершілік, уәде, қайғы, махаббатты қарастыратын болса, психиатр Виктор Франкл махаббатты олардан бөліп алатынын айтады.

Сөздің тобықтай түйінін кітаптағы мына жолдармен аяқтағым келіп отыр.

Тәңірі тағала он сегіз мың ғаламға:

 - Бүгін бір аманат ұсынамын. Кім аманатты қабыл етіп, оған қиянат қылмаса, шексіз бақытпен қауышады. Аманат алғаннан соң шартын дұрыс орындамаса, азап тартады, - деді.

Күллі жаратылыс:

- Не аманат? – деп сұрады.

- Ол - махаббат! Оны иеленген жаратылыс иесі өлгенше сүйіспеншілікпен өмір сүруге міндетті. Айналаға шуақ шашып, елжіреп тұратын хәлінен бір сәт те ажырамауы тиіс. Аманатты жоғалтқандар тас жүрек зұлымға айналады.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар