Домбыра шертіп үйренемін деушілерге 7 кеңес

/uploads/thumbnail/20190213084301248_small.jpg

Домбыра - қазақ халқына тән ұлттық аспаптардың бірі де бірегейі. Үш қазақтың екеуі домбыра шерте алары анық. Қазіргі таңда тіпті өзге ұлт өкілдері де домбыраға қызығушылық танытуда.

Бүгін домбыра үйренушілерге арналған кеңестерді назарларыңызға ұсынамыз. Ендеше, бастайық.

1-кеңес. «Дұрыс» домбыра таңдау⠀⠀⠀⠀
⠀⠀⠀⠀
Домбыра тартқыңыз келсе, алғашқы әрекетіңіз аспап таңдау болады. Сауда орталықтарында, дүкендерге сан түрлі домбыраны кездестіреміз. Көбі осы кезде «бас қатырады». Алдымен өлшемге назар аударыңыз. Ең дұрысы - домбыраның ұзындығы жерден есептегенде беліңізге дейінгі ұзындықпен пара-пар болуы керек. Сондықтан баланікі қысқа, ересек адамдікі ұзынырақ болады. Шанақ пен мойынға да назар аударыңыз. Шанақ аса үлкен, ал мойын аса жуан болмауы керек. Ең дұрысы "дұрыс домбыра" таңдауды біз сияқты өз ісінің шеберлеріне сеніп тапсырыңыз.⠀⠀⠀⠀
⠀⠀⠀⠀
2-кеңес. Үйрену тәсілі⠀⠀⠀⠀
⠀⠀⠀⠀
Бүгінгі таңда үш үйрену тәсіл бар. Біріншісі, құймақұлақ арқылы. Яғни, көз-құлақпен қабылдау. Музыкалық ортада мұны «слухпен үйрену» деген бейресми атауы бар. Екіншісі, нота арқылы. Бәрі білетін «до»-мен басталып, «си»-мен аяқталатын 7 нота. Үшінші тәсіл – сандық нота арқылы.⠀⠀⠀⠀
Біздің ойымызша, ең дұрысы алғашқы тәсіл. Атам қазақ осылай күйлерін бізге жеткізген. Бұл тәсіл арқылы үйренген күйіңізді ұмыту қиын. Екінші тәсіл – ең қиыны. 7 нота болғанымен әрқайсысы бірнеше түрге бөлініп, өзінше түрленіп кетеді. Аса зер салып, ыждаһаттылықпен қарамасаңыз, берекесі болмайды. Үшінші тәсіл де осының арғы-бергі жағы. Тек нота емес, домбыра мойынындағы пернелердің реттік саны бойынша қағазға жазылып үйретіледі. ⠀⠀⠀⠀
⠀⠀⠀⠀
3-кеңес. Ұстаз таңдау⠀⠀⠀⠀
⠀⠀⠀⠀
Домбыраны үйренгенде ең маңызды шешім – ұстаз таңдау. Кезінде бір білімді: «жай ұстаз тек үйретеді, ал мықты ұстаз шабыттандырады (яғни, білімді жетілдіруге құлшынысынды арттырады)» деген екен. Әрине, алғашқы сұрағыңыз арнайы білімі мен тәжіребиесі жайында болу керек. Қанағаттандырарлық жауап алсаңыз, 2-3 сабақ алып көріңіз. Түсіндіруі, өз ісінің маманы ретінде көрінуі осы кезде бірден байқалады. Домбыра үйрету құны әртүрлі болғанымен, сапасы біркелкі емес. Бағасы қымбат тәлімгер, мықты ұстаз, ал арзанға домбыра үйретуші нашар деген сөз емес. Бәрі де үйрету тәсіліне байланысты.⠀⠀⠀⠀

4-кеңес. Күй үйрену⠀⠀⠀⠀
⠀⠀⠀⠀
О бастан қиын күй үйренбеңіз. Алдымен кішкентай, оңай шығармаларды меңгеріп алу керек. Бұл дегеніміз сол қол мен оң қолдың техникасын арттыруға және әртүрлі тәсілдерді қолдануға машықтану болып табылады. Кейін қабылдау деңгейіңізге сай, орташа күйлерге көше аласыз. Алғашқы 5 сабақ тек «Еркем-ай» сынды бірнеше әндерді үйреніп алғаныңыз жөн.⠀⠀⠀⠀
⠀⠀⠀⠀
5-кеңес. Сабақ барысы жайында⠀⠀⠀⠀
⠀⠀⠀⠀
Домбыра үйрену барысында кез келген (әрине, қисынды және сабаққа қатысты болса) сұрақтарды қойып отырыңыз. Түсінбеген жеріңіз болса сұрап алыңыз. Сол қолыңыз пернені басқанда қиындық туса, міндетті түрде «өзге тәсілі бар ма? » деп сұрақ қоюға ұялмаңыз. Және сол шығарманың шығу тарихында біліп алған жақсы.⠀⠀⠀⠀
⠀⠀⠀
6-кеңес. Сабақтан тыс уақыт⠀⠀⠀⠀
⠀⠀⠀⠀
45-60 минут ішінде көп дүние үйренгенімен, негізгі еңбек - сіздікі. Бұл дегеніміз күнделікті дайындалу. Күніне үш мезгіл болса, тіптен керемет. Кем дегенде, күнделікті кешқұрым барлық күйлерді бірнеше мәрте қайталап отыру қажет. Ал, бір сабақ аяқталғанда, сол мезетте, не үйіңізге келгеннен кейін бүгінгі өткен тапсырмаларды 5 рет қайталап шығу керек. Домбыра үйрену де өзге пәндер сияқты тек үздіксіз қайталап отырудан тұрады. Солай жетілесіз. Әйтпесе бәрі де бекер.⠀⠀⠀⠀
⠀⠀⠀⠀
7-кеңес. Шыдамдылық⠀⠀⠀⠀
⠀⠀⠀⠀
«Сабыр түбі – сары алтын». Әрбір жаңа дүниені үйренгенде шыдамдылық керек екені белгілі. Бұл домбыраға да қатысты. Сіз бірден «Адай» не «Ерке сылқым» күйлерін тартып кете алмайсыз. Осыған дайын болыңыз. «Талантым жоқ» деп айтпақ түгіл ойламаңыз да. Домбыраны жақсы деңгейде тарту – тек еңбекпен ғана келетін нәтиже. Және домбыра ойнау миыңызға да (жаңа нейрон жолдары пайда болады) әсерін береді.⠀

⠀⠀⠀⠀
©️Рүстем Нүркенов⠀

Ұсынған: Мақпал Сембай

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар