Түрген тұрғыны шақалақты қалай тауып алғанын айтып берді (видео)

/uploads/thumbnail/20190219114739897_small.jpg

Алматы облысындағы Түрген ауылының тұрғыны қақаған аязда пакетке салынып, қақпада ілініп тұрған нәресте оқиғасы жайлы баяндап берді. Келіншек кішкентай сәбиді қалай тауып алғанын жеткізді деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі Еуразия бірінші арнасының дерегін негізге алып.

Әйел адам бұл күнді мәңгі есінде сақтап қалатыны сөзсіз. Ол қақпада ілулі тұрған қызыл пакетте бала жатыр деп мүлде ойламаған.

«Пакетті үйге кіргіздім де, аша бастадым. Ішінен баланың қолы шықты. Мен шошып кеттім, ары қарай аша бердім. Шарф қан-қан болды. Себебі, сәби жаңа туылған», - деп есіне алды Сәуле.

Баланың қасына ешқандай хат қалдырмаған. Ол жұп-жұқа жаздық орамалға оралыпты. Сәуле бірден жедел жәрдемді шақыртқан.

Оқиға орнына келіп жеткен дәрігер баланың кіндігін кесіп, оны перзентханаға алып кеткен. Дәрігерлердің айтуынша, егер бала бұл уақыттан кеш табылған жағдайда оны құтқару мүмкін емес болатын еді.

«Нәресте қатты тоңып қалған. Аса ауыр деңгейдегі гипотермия, дене қызуы 32 градус», - деді фельдшер Айбек Шірінов.

Ол сәбидің өлім аузынан аман қалғанын айтады. Дүние есігін енді ашқан қыз суықтан көз жұмуға аз қалған.

Перзентхана қызметкерлері нәрестенің туыла біткен инфекциясы бар екенін айтты. Ол қазіргі таңда, барлық қажетті емді алып жатыр. Дәрігерлердің де оған қатысты болжамы жақсы.

Тәртіп сақшылары болса сәбидің анасын іздестіріп әлек.

«Оқиғаға қатысты сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізілуде. Іс Қылмыстық кодекстің 119 бабы бойынша қозғалған», - деді Алматы облысының полиция департаментінің ресми өкілі Ернар Сайділдин.

Бүгінгі күні нәресте Есік перзентханасында жатыр. Оның емі аяқталған соң балалар үйіне жібереді.

Ұсынған: Әсел Болатқызы

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар