Батырханға ескерткіш ашу туралы: Артық кеткендік

/uploads/thumbnail/20170708180039104_small.jpg

Ресей мәдениетінің шыңын шын талантымен мойындатқан санаулы қазақ болса, соның бірі - Батырхан еді. Ақыры жат жерде жүріп, жүрек талмасынан қайтыс болды. Сол күні бүкіл ресейдің өнер жұлдыздары тайлы-тұяғымен күңіренді. Қазақ ұлының қазасына қайғырды, қабырғалары қайысты. БАҚ бізге соны көрсетті. Қазақстанның барлық аймақтарындағы Батырдың өнеріне табынушы, жанкүйерлері белсенділік танытып, еске алу шараларын ұйымдастырды. Сөйтті де, әсіредіншілдердің сын садағына ілінді. Жә, оны қойшы. Мен Батырдың әндерін сүйсініп тыңдайтынмын. Құрметтеуге де жоқ емес ем. Алайда соңғы кездері әлеуметтік белсенділер Алматыдан, дәлірек айтсам, Көктөбеден Батырханға ескерткіш ашу туралы бастама көтеріп, қол жинауға кірісіп кетіпті. Бұл енді, артық. Батыр шын талант. Алайда, қазақта есімімен көше аталуы, ескерткіш мүсіні орнатылуы тиіс қаншама алыптар бар. Соған тоқтала кетелік. Тәуелсіздіктің 24-жылында бөркімізді аспанға атып, жарыса қаумаласып, мақтана жазып жер-көкке сыймай жатырмыз. Алайда, санамыз бен руханиятымыз тәуелсіздік нышандарына үйлесе алып жатыр ма? Саяси-экономикалық мәселелерді айтпағанда, руханият пен ұлттық сана серпілісі көңіл жұбатпайды. Еліміздің кезінде талай жыл астанасы болған, қазіргі мәдениет пен ғылымның ошағы Алматы қаласындағы көше атауларына көз жіберсеңіз, таптаурын болған сеңнің әлі күнге сөгіле қоймағанына куә боласыз. Алматы көшелері отаршылдық атаулардан арыла алмай отыр. Сең болып тұрған Фурмановтың көшесін кім үшін сақтап отырмыз. Шевшенко, Полежаева, Дагестанская, Гете, А.Эйрих т.б. тізбелей берсең ауыз талады. Бастамашылдардың Батырханға көше атын беру, ескерткіш мүсінін орнату идеясы жақсы ғой. Бірақ, қазақ руханиятына, әдебиеті, мәдениетіне, қоғамына елеулі еңбек сіңірген, есімдері не бір көшеге, не бір мекемеге берілмеген аяулы азаматтар бар емес пе?! Қадыр ақын Мырза Әлі, Тұманбай Молдағалиевтер ше? Алматы қалалық әкімдігіне, Ахметжан Есімов мырзаға дейін хат жазылғанымен, мәселе әлі шешімін тапқан жоқ. Құрғақ уәде. Батырханға ескерткішті Көктөбедегі "The Beatls" тобының тас мүсініің жанына беруді ұсыныпты. Бірақ, ерте. Бір өнерпазға ескерткіш оната салу ойыншық емес қой. Ескерткіш ол - тарих. Ал тарихта Батырханнан да даңқты, лайықты азаматтар бар.

Нұргелді Әбдіғаниұлы, Facebook парақшасынан

Қатысты Мақалалар