Алматы полицейлері босанып жатқан әйелге көмектесті, - деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
27 жастағы әйел сау баланы дүниеге алып келді. Әйел адамның толғағы басталған уақытта жолдасы жедел жәрдемге қоңырау шалудан гөрі, өзі перзентханаға апаруды жөн көрген. Алайда, Ащыбұлақ ауылынан шыққан кезде отбасылық жұп кептелісте тұрып қалған. Бауыржан Момышұлы мен Ақын Сара көшелерінің қиылысында ер адам кезекші полиция қызметкерлеріне барып, жағдайды түсіндіріп, олардың көлігімен перзентханаға апаруды сұраған.
"Патрульдік полиция сержанттары Ғалымжан Постанов пен Әміржан Есенбаев қызметтік көлікте жарық және дыбыс сиренасын қосып, жүргізушіге олардың соңынан еріп жүруін тапсырған. 5 минут ішінде жүкті әйел № 3 перзентхана аумағында болған. Әйел сау баланы дүниеге алып келді. Біз олардың денсаулық жағдайы туралы білдік: жас ана мен бала өздерін жақсы сезінеді", - деді Алматы қаласы полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасы жол-патрульдік полиция полкінің командирі полиция полковнигі Манап Саттаров.
Келесі күні жаңа туған нәрестенің әкесі патрульдік полицейлерді іздестіріп, оларға алғыс білдірген. "Ана мен бала денсаулығы үшін жедел әрекет жасаған полицейлердің арқасында батыр мықты және сау болып дүниеге келген. Таяуда жұмыстан бос уақытында, сержанттар Постанов пен Есенбаев ана мен сәбиге барады", - деп қорытындылады полковник Саттаров.
Ұсынған: Мақпал Сембай
Пікір қалдыру