"Тасжүрек әкеңді кешір, қызым!": 5 қызы бар әкенің тәубеге келуі

/uploads/thumbnail/20190304152105039_small.jpg

"Осы қызыңды көзіме көрсетпе дегенмін саған. Күні бойы жұмыстан шаршап келсең, үйде жүйкеңді тоздыратын көрініс. Жоғалтшы, менен аулақ алып кет...", деп жұмыстан келген күйеуі әйеліне бақыра кетті.

Көздерін жәудіретіп қорқып тұрған бес жасар қыз әкесінің ұрысынан сескеніп, анасының арқасына жасырынды. 

— Бұл да қызыңыз емеспе? Жазығы не? Алла қаласа ұл перзентіміз де болып қалар...

— Өшір үніңді!

Бес қыз туу ғана келді қолыңнан, тілің болса екі қарыс. Бір ұл туып бергін-де, содан соң насихат айт...

Әйел үндемей қоя салды. Қызын үлкен әпкелерінің жанына жіберіп, күйеуіне дастарқан әзірледі.

Түннің жарымында күйеуді шөл қысып, су ішуге тұрады. Сол кезде қыздарының бөлмесінен жарық сөнбегенін байқап, бөлмеге қарай жүрді. Жақындағаны сол бөлменің ішінен жылаған дауысты естіді де, есікті ашпастан кілт тоқтады. 
Бөлмеден кенже қызының жылап сөйлеген дауысы анық естіліп тұр екен. Әкесі зер салып тыңдай бастады.

— Құдайым, неге мені ұл етіп жаратпадың? Неге мені әкемнің күндегі жанжалына, анамның көз-жасына себепші қылып қойдың? Құдайым, мейлі, әкем мені жақсы көрмесін, бірақ мен оны жақсы көре беремін. Мейлі мені ұрыссын, тек анамды жылатпасыншы. Жалғыз мен оларды қинап қойыппын. 
...Мені өзіңе шақырып алшы Құдайым! Сенен жалынып сұраймын Құдайым...

Әкесі естігендерінен ақыл-есінен адасардай күйге енді. Соңғы бес жылдық өмірі көз алдынан тізіліп өте бастады. 

— Шынымен бұл қыз мен қажет етпеген қызба? Осындай мейірімді, саналы қыз менің ұрпағым болғаны ма? Сонда мен нағыз көр-соқыр екенмін ғой, нағыз көр кеуде болыппын... - деді іштей жылап. Жаны алқымына келгендей өрекпіп, бөлмеге кіріп келді. Әкесін көрген қыз қорқып, жылдам барып орнына жатпақшы болды. Әкесі қолынан ұстап, қорқудан жаутаңдап тұрған көздеріне қарай отырып, жүзін жуған жасын сүрткілеп:

— Тасжүрек әкеңді кешір қызым! - деді ызалы дауыспен. 
Қызы лезде әкесінің мойнынан тарс қылып құшақтап алды...

Ал күлімсіреген еріндері: "Рақмет саған Құдайым!", деп сыбырлады...

Күлшан Нұрбекованың фейсбук парақшасынан

Ұсынған: Әсел Болатқызы

Қатысты Мақалалар