Сұлулығыңызға сызат түсіретін 7 ой

/uploads/thumbnail/20190508122210450_small.jpg

Британдық ғалымдар көңілсіз ойлар мен күйзеліске жиі түсудің салдары тек қана психологиялық жағдайыңызға ғана емес, сымбатыңызға да сызат түсіретінін анықтаған деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі.

Беттің солғын тартуы, әжім түсуі, терінің тез жиырылуы – бұның барлығы өзіңізді күн сайын жегідей жеген ойлардың жетегінде кеткен кезде пайда болатын кері әсерлердің толық емес тізімі. Өйткені ішкі ойыңыз айналаңыздағы адамдардың сізді қалай қабылдайтынына әсер етеді. Сонымен қатар, ғалымдар оның қандай ойлар екенін анықтап, сізді тартымсыз етіп көрсететін 7 ойдан арылуға шақырады.

Өзіңді үнемі аяу және айналадағы оқиғаларға жиі шағымдану

Есіңізде сақтаңыз, үнемі ұнжырғаңыз түсіп, менің ешқашан жолым болмайды деп шағымдана беру ешкімге жақсылық әкелмеген. Әсіресе, әйелдерге... Сол үшін ұйқым қанбады, не болмаса еңбегімді ешкім бағаламады деген ойларға ере бермеңіз.

Әр күніңізді көңілді ойлармен бастаңыз – сүйікті әніңізді тыңдаңыз, жеңіл макияж жасаңыз, әдемі киім киіңіз. Сонымен қатар, түнгі 12-де жатып, таңғы 8-де тұратындай етіп күніңізді жоспарлаңыз. Күнделікті спорттық жаттығулар жасауды да ұмыт қалдырмаңыз. Сол кезде шағымдануға уақыт таппай қаласыз.  

Өзіңді бағаламау

Егер сіз күн сайын айнаның алдында тұрып, «дене бітімім мінсіз емес» деген ойға жол берсеңіз, өмірде махаббатыңызды жолықтырып, бақытты бола алмайсыз. Әлбетте, нәзік жандылардың 80%-ы өздеріне көңілі толмайды. Сол себепті өзіңіздің кемшілігіңізді жақсы көріп, керісінше артық тұстарыңызды бағалауды үйреніңіз.

Ашу мен адамдармен жиі қақтығысу

Үнемі ашуланып, жаныңдағы адамдардан ашуыңды алып жүретін болсаңыз деніңіз де сау болмайды, сымбатыңыз да келіспейді. Ашу сіздің денсаулығыңызға психологиялық жағынан да, физикалық жағынан да өте зиян. Егер ашу қысса, терең тыныстап айналаңызда болып жатқан жақсы жаңалықтарға құлақ түріңіз. Сонымен қатар, сізді шын мәнінде бақытқа бөлейтін іспен айналысуға тырысыңыз.

Жоқ жерден проблема іздеу

Денеңіздегі артық салмақ пен бетіңіздегі әжімді уайымдаудың қажеті жоқ. Адамдардың барлығы әр түрлі сіз үшін проблема болып саналатын кемшіліктер, біреу үшін мүлдем басқаша болуы мүмкін. Өйткені біз комплекстерді жоқ жерден өзіміз тауып аламыз. Сөйтіп бойымызда сенімсіздік пайда болады. Бұл әдетпен күресіңіз. Сіз өзіңізге сенімді болсаңыз, сіздің түріңіз де ажарлана түседі.

Өткен күндерге өкіну

Жастық шақ өтеді. Оған сіз ештеңе істей алмайсыз. Алайда қазіргі әдістердің арқасында үнемі әдемі болып жүруге барлық жағдай жасалған. Тіпті 50-60 жастағы кісілер өздерін күтіп, салауатты өмір салтын сақтап әдемі болуға ұмтылып жүр. Олардың сұлулығы жастардан кем түспейді. Сол үшін өткен күндерді ойлап, күйзеліске түсудің қажеті жоқ. Психологтар қазіргі сәтпен өмір сүруге кеңес береді.

Күнделікті күйбең тіршілік

Тіршіліктен қашып құтыла алмайсың. Кейде, ойласақ шашымыз ағаратын істер жиналып қалуы мүмкін. Ондай ойларды санамызда сақтамай, алайда маңызды істерді ұмытып кетпеу үшін, мобильді қосымшаларды пайдалануға кеңес береді. Қазір заман талабына сай ондай мобильді қосымшалардың саны жетіп артылады. Сол себепті сіз үшін техника қызмет етсін. Ал сіз тек жақсылық ойлаңыз.

Өзгелерді көре алмау

Өзгелер менен жақсы өмір сүріп жатыр деген ойдың өзі сіздің көңіл-күйіңізді бұзып, сұлулығыңызға кері әсерін тигізуі мүмкін. Қазіргі таңда әлеуметтік желілер арқылы бай-қуатты өмір сүретін адамдардың парақшасын ақтарып отырып сондай ойға кетеріңіз анық. Ғалымдар шеттен тыс көре алмаушылық тез қартаюға апарып соқтырады дейді. Сол себепті өзгелердің жеңісіне шынайы қуанып үйреніңіз. Сонда ғана ойыңыз дұрысталып, сіз де белгілі бір жетістіктерге жете бастайсыз.

Дайындаған: Маржан Сәбет

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар