"Бұл сайлау бұрынғы сайлаудан өзгерек болатын түрі бар"

/uploads/thumbnail/20190515163753070_small.jpg

"Бұл сайлау бұрынғы сайлаудан өзгерек болатын түрі бар. Додаға түрлі пікір иелерінің ат қосуы өз алдына, осы жолы көпшілік өте белсенді, қоғамдық пікірталас тым қызу. Бірі сайлауға байкот жариялап, енді бірі бірауыздан дауыс беруді ұсынып жатқан тұста, «баяғы жартас сол жартас» дегендей, «Бізсіз де сайлау өтер» деп бүк түсіп жатып алғандар да бар. Дегенмен, осы жолы «конституциялық құқық», «әділ сайлау», «біз таңдаған кандидат» сынды сөздер жиі айтылып жатыр. Меніңше, біздің ел соңғы жылдар ішінде алғаш рет ашық саясат жүргізіп отыр. 

Қазір елдің әр түкпірінде, әлеуметтік желілерде көпшілік сайлау кампаниясы мен ел Президентіне кандидаттарды ашық талқылай бастады. Бұл – халықтың осы сайлауға бейжай қарамайтынын, президенттік сайлау мәнін түсінетінін аңғартса керек. 

Үгіт-насихат алаңына шыққан үміткерлер әртүрлі. Қасым-Жомарт Тоқаев басты кандидат ретінде кампанияның көшін бастап тұр. Қалғандары өзара үзеңгі қағысып келеді. Дегенмен, Қасым-Жомарт Тоқаев қара үзіп келетініне біразымыз қазірден бәс тігіп отырмыз. Оған себеп те жоқ емес.

Біріншіден, Тоқаев халықаралық аренада ғана емес, ішкі алаңда да зор беделге ие. Екіншіден, Ақорда Тоқаев рөлінің жүйелі түрде технологиялық нығаюын қамтамасыз етеді. Кандидаттарды ұсыну кезеңінде ақордалық саяси технологтар Тоқаевты электоралдық қолдаудың бар қуатын көрсете білді. 

Тағы бір маңыздысы - сайлауға Әміржан Қосанов бастаған оппозициялық күш өкілдерінің қатысуы. Ә.Қосанов президенттік бәйгеге позитивті және бәсекелестік рең береді. Бұл - президенттік бәйге ерекшелігінің бірі. Дегенмен, оппозициялық күштердің ортасында кандидатқа деген ортақ пікір қалыптаспаған, сондай-ақ оппозицияның кейбір өкілдері билікпен емес, түрлі саяси күштердің кандидаттарымен күресуді қалайды.

Оппозияға әлі де тәжірибе жинақтау және жалпы саяси тұғырнаманы қалыптастыру үшін күш біріктіру қажет. Саяси күштер ауызбіршілік танытуға қабілетті болуы тиіс. Осы орайда Ә.Қосановтың бәйгеге қатысуы позитивті қадам. Бұны ескерген жөн. 

«Ауыл» партиясының өкілі Т.Рахымбеков әлеуметтік желілердегі ең танымал тұлғаның бірі. Қоғамның нақты бір бөлігінен белсенді қолдау тауып отыр. Сондай-ақ, халықтың 42 пайызы ауылдық жерлерде тұратынын ескерсек, сайлауалды жоспары дұрыс құрылса, «Ауыл» партиясына нақты қолдау көрсету әлеуеті ұлғая түспек. 

Елдің саяси тарихында тұңғыш рет ел кәсіподақтары Президенттікке кандидат ретінде өз адамын ұсынды. Ол Мәжілістің бұрынғы депутаты А.Таспихов. Кәсіподақ мүшелері 2 млн. астам адам, яғни, ол да оңай емес. Сайлауға Ә.Қосановтың, ұлттық-патриоттық күштер өкілі С.Түгелдің, аграрлар тарапынан Т.Рахымбековтың, кәсіподақтар өкілі А.Таспиховтың қатысуы 2019 жылғы сайлауды ерекшелеп тұр. Тіркеу кезеңінен түйгеніміз - билік қоғаммен диалогқа дайын. Меніңше, биліктің ішінде екі топ қалыптасуда: либералдық реформаларды жедел өткізуді қалайтын «реформашылар» және қоғамдық статус-квоны қалдыруды ұсынатын «ескішілдер». Әйткенмен, олар ортақ тіл табысады, қазіргі жағдайды түсінеді. Бір сөзбен айтқанда, билік өзінің тұтастығы мен ауызбіршілігін көрсетеді.

Қысқасы, елімізде жақсы өзгеріс бар. Халықта оң өзгерістерге деген үміт пайда болды. Жүйе өзгеріп келеді".

Қанағат Әбілқайырдың фейсбуктегі парақшасынан

"1999 жыл еді-ау. Сайлауға барғанымда сол жердегілер газетке сұхбат беруімді сұрады. "Қазір тілші келеді, сіз сайлаушы ретінде бір-екі сұрақтарға жауап беріңіз" - деді. Бірақ тілшіні күтіп отыратын уақытым болмай, кетіп қалдым. "Жарайды, өзіміз бірдеңе қылармыз" - деді олар.

Төрт-бес күн өтті. 
— Оу, Мықа, газетте жүрсің ғой, — деді біреу. — Сайлау туралы айтыпсың ғой.
— Қандай газет? — деймін таң қалып. 
Үйінен газетті алып шықты. Сөйтсем, мен айтпаған пікірлер менің атымнан жазулы тұр. "Сайлау өте жоғары деңгейде өтіп жатыр, сайлаушылардың басшыны таңдауға деген ықыластары зор" дей ме... Ең соңында "Таңертең ерте келіп, президентке бірінші боп дауыс бердім" дегізіп қойыпты. Әйтпесе сайлауға түсте барғанмын ғой.

— Жумайсың ба? — дейді анау. Сол жолы ешкімді сұхбат бермегеніме сендіре алмадым.

Содан соң сайлауға бір-ақ рет бардым. Барып, ешкіммен де амандаспастан үйге тайғанмын. Тағы газетке шығып жүрсем масқара ғой.
9-ы күні де біреулерге ұсталып қалмасам болғаны..."

Мықтыбек Оразтайұлының фейсбуктегі парақшасынан

Ұсынған: Мақпал Сембай

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар