"Славян базары - 2019" өнер фестиваліне Қазақстан атынан баратын үміткер анықталды

/uploads/thumbnail/20190526122449348_small.jpg

Осыдан бір ай бұрын Т. Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының эстрада факультетінде XXVIII Халықаралық «Славян базары Витебск — 2019» өнер фестиваліне ұлттық іріктеу кезеңі өткен болатын деп хабарайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі Т. Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының баспасөз қызметінің мәліметіне сүйеніп. 

Іріктеуге еліміздің түкпір-түкпірінен келген 36 өнерпаз қатысты. Әділқазылар алқасының құрамында Академия ректоры Асхат Маемиров, Академияның эстрада факультетінің деканы Бағым Мұхитденова, Академияның шығармашылық жұмыстар және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры, белгілі әнші Сәкен Майғазиев, танымал эстрада орындаушысы Әлішер Кәрімов және «Славян базары» фестивалінің аймақтық ресми өкілі Қарлығаш Әбдікәрімова болды.

Әділхан Макин

Әділқазылар алқасы ақтық сынға жіберген 18 әншінің арасынан ең көп ұпай жинаған екі үміткер — Академияның эстрада өнері факультетінің үшінші курс студенттері Ерік Төленов пен Әділхан Макин жалғыз жолдаманы өзара сарапқа салған. 

Оларды қосымша тыңдау үшін екі апта дайындық кезеңі берілді. Қосымша тыңдау кезінде Әділхан Макинді неғұрлым орнықты және орындау мәнері бойынша сенімді шықты деп тапқан әділқазы мүшелері халықаралық фестивальге аталмыш өнерпазды жіберуді ұйғарды.

Осы орайда фестиваль өкілі Қарлығаш Әбдікәрімова келесі жылғы фестивальге алдын ала тыңдаусыз Ерік Төленовтың баратынын хабарлады. 

Мамырдың 14-19 күндері аралығында Ерік Румынияның Браила қаласында өткен вокалистердің Георгий Григориу атындағы халықаралық фестиваліне қатысты, ал дәл осы күндері Әділхан Макин Болгарияның Добрич қаласында өткен "Сарандев - 2019" XXVIII халықаралық поп-рок еуропалық жастар байқауында бақ сынады. Екеуінде де нәтиже айтарлықтай: Ерік әлемнің жиырма үш елінен келген әншілер қатысқан беделді сайыста атақты румын әншісі және музыканты Георгий Григориудың репертуарындағы әнді жаңа нақышта орындап, конкурстың Гран-при жүлдесін жеңіп алды, ал Әділхан Макин Болгариядағы байқауда жүлделі 1-орынға ие болды.

Бұл жерде айта кететін бір жағдай, конкурсқа қатысушылар жарысқа екі жас мөлшері бойынша түсті де, Әділхан өз тобында таңдаулы деп танылды. Бірақ Гран-при жалғыз болғандықтан ол келесі жас мөлшері тобында бірінші орын алған, айықпас дертке шалдыққан қыз балаға берілген.

Ерік Төленовтің ән айту мәнері заманауи поп стиліне келіңкіресе, Әділхан Макин поп-рок стиліне бейім. Екі әншіні де үлкен өнер жолына эстрада өнері PhD докторы, эстрада өнері факультеті эстрадалық вокал кафедрасының аға оқытушысы Янис Кайсидидің сыныбында оқиды.

«Славян базары» фестиваліне бұған дейін де бірнеше қазақстандық әншілер қатысқан. Солардың ішінен Әлішер Кәрімов 3-орын (2011 жыл), Димаш Құдайберген Гран-при (2015) , Әмре (Ернар Сәдірбаев)  1-орын (2018) иеленген еді.

 Ұсынған: Маржан Сәбет

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар