Ойыңыз сізді алдап жүрген жоқ па?

/image/2019/06/24/crop-15_18_1021x1816_dumayuschiy-chelovek-neschasten2.jpg

Қатерлі ой адамды жарға жықтырады екен. Ақыл иелері былай дейді: «адамның негізгі болмысы ойдан тұрады, қалғаны шалшық су». Өз ойларың өздеріңді алдауы мүмкін. Мәшһүр Жүсіп бабамыз: «Адамның жауы басқа да емес, иегінің астында» деген. Яғни, негізсіз құлқың, жаман ойың.  Адам батпаққа түскендіктен тұншықпайды, сол батпақтан шыға алмағандықтан тұншығады. Біз кейде дұрыс ойлай алмауымыздың салдарынан өмірдің қате тұстарына батып бара жатқанымызды білмейді екенбіз.
Адам баласы – иләһи (құдайлық) қасиет дарыған тамаша жаратылыс. Руханиятты ұмытып, нәпсіге берілген, қалтасы қалың, бірақ рухы кедей адамның халі - нағыз масқаралық. Ондай адам əр нəрсенің бағасын білгенімен, еш нəрсенің қадірін білмейді. Қарап тұрсақ, әр адам төбеден жауған жаңбыр тамшыларына ұқсайды. Кейбірі батбаққа түссе, кейбірі гүлдің жапырағына. Яғни, не ойласаң, соның тұтқынына айналасың. Неге қиындықтан қашамыз. Неге жанымызды ауыртар ауыртпашылықтарға бола өмірден безуге дайын тұрамыз.   Мәуләнә Руми "кілемді сабалаушының мақсаты - ұру емес, шаңын қағып тазалау. Тура сол сияқты, басқа түскен қиындық арқылы да Аллатағала бойға біткен шаң-тозаңды қағып, тазалайды» дейді.  Ендеше, неге сонша қайғыланасың?!" Бидайды масақ болсын деп, топыраққа көмеді. Ұн болсын деп, диірменде езеді. Нан болсын деп отқа күйдіреді. Қуатты адам болам, шыңдалам десең, ағайын-ел сүйген ер болам десең, сен де езіліп, жаншылуың керек. Құрттар көптеген жол біледі. Бірақ оның білетін жолдарының бәрі жер асты арқылы өтеді. Ол айналасының бәрін ойып, шұрқ тесік етеді. Құртқа ұқсаған нәпсі де, бос қиялдарды кеміре береді. Өйткені құртқа дүниедегі қажеттіліктерді өтейтіндей ғана ақыл берілген. Құртта бағыт болмайды. Ал, сенің санаң ішіп-жеуден әрі аспайды. Неге менің атым адам деп бір кез ойлап көрмейсің. Мына өмірде не істеп жүрмін деп толғанбайсың. Ең болмаса өлгеннен соң қайда баратыныңды білемісің (Шәкәрім). Әлде жұртттар да осылай күн көреді ғой деп, қарныңның тойғанына мәз болып жүре бересің бе? Адамның асыл дүниесі алтын емес, уақыты екенін түсінбейсіз бе? Неге өмірді толық тануға тырыспайсыз. Әлде таным сәулесіне барар жолды білмей жүрсіз бе?
Данышпандар былай дейді: «Адамның болмысы – ішінде әр түрлі аңдар мекендейтін орманға ұқсас. Біздің бойымызда таза-лас, жаман-жақсы, имани-хайуани сияқты мыңдаған қасиеттер бар. Егер ішкі жан шаһарында қасқыр үстемдік ете бастаса, адамның қасқырға айналғаны. Жақсылықтар мен жамандықтар да жасырын жолдармен жүрекке келіп, құйылып тұрады. Сәт сайын адамның жүрегінде бір нәрсе бас көтереді. Сол себепті адам кейде жақсы сипатқа, кейде жаман сипатқа айналып отырады».
«Қожанасыр күнде шөп артқан есегін шекарадан өткізіп жүріпті. Оның контрабандамен айналысатынын білген шекарашылар бастан аяқ тексеретін көрінеді. Бірақ дым таппайды. Ал, Қожанасыр күннен күнге байып бара жатады.  Сөйтіп, біршама уақыттан кейін ол бұл ісін тастап, өз бетінше тыныш өмір сүріпті.  Біраз жыл өткеннен кейін кезінде шекарада тұрған адам Қожанасырды кездестіріп, одан сол кезде немен айналысқанын сұрайды. 
Сонда Қожекең: - Мен шекарадан есек алып өтіп жүрдім ғой,- депті».
Өмір қанша сені сынап, өзіңе қайтарғысы келсе де, өзіңді неге әлі тани алмай жүрсіз. Әлде қолыңда бар жиналған ісіңе көңілің толып жүр ме? Бұл дүниенің адам баласына екідүниені тану үшін бергенін білмей жүрсіз бе? "Ләззат пен рақатқа бөлеген нәрсе, адам үшін махаббатқа айналады" деген тұжырым бар (Ғазали).
Танымыңды кеңейтіп, қадіріңді көтер. Әй, бірақ, адамның бәрі бірдей емес қой. Екеуі терезеге қарап тұр.  Біреуі тек жаңбырдан кейінгі балшықты ғана көріп тұр.  Біреуі  жаңбырдан кейінгі жапырақтағы әсем тамшыларды ғана көріп тұр.  Екеуі терезеге карап тұр...... (Омар Һаям).

Жарас Ахан тарихшы

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар