Шымкент қаласы полиция департаментінің басшысы Ералы Жұмаxанбетов журналистерге берген сұхбатында 27 маусымда Шымкентте болған Арыс тұрғындарының наразылығы кезінде тәртіп бұзылмағанын айтты деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
Ералы Жұмаханбетовтың айтуынша, жергілікті тұрғындардан полицияға арыз түскен. Онда шерушілер араларында арандатушылардың болуы мүмкін екенін айтқан. Полиция қызметкерлері наразылыққа шыққан топтың басы-қасында жүргенінің тағы бір мақсатын осылай түсіндірді.
"Бәрі ойдағыдай өтті. Ешқандай тәртіп бұзу болған жоқ. Ешкім — ешкімді ұрған жоқ, ешкім — ешкімге тиіскен жоқ. Арыс тұрғындары бізге "көшемен жүреміз, тәртіп бұзбаймыз, бірақ арандатушылар болуы мүмкін, көмектесіңіздер" деп алдын ала ескертті. Осыдан соң, біз алаңға келдік. Жарақат алғандар да болмады. Наразылыққа шыққан топ өкілдеріне де рахмет, олар уәделерінде тұрып, тыныш қана жолмен жүріп өтті. Олар жағдайын айтып, плакаттарға «Арыс көмек», — деп жазып жүрді, болды ғой", — деді Жұмахамбетов.
Бүгін, яғни, 27 маусымда сағат 11.00 шамасында "Ақмешіт" мешіті алдындағы Темірлан көшесін Арыс тұрғындары жапқан. Наразылар өздерін төрт рет жарылыс болған Арыс қаласынан басқа жаққа көшіруді, үй беруді талап етті. Наразы жұртқа Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев пен Шымкент әкімі Ғабидолла Әбдірахымов келіп, мешіт ішінде кездесу өткізді. Әбдірахымов наразыларға "Шымкентте баспана кезегінде 150 мың адам тұр, тарататын үй жоқ" деп жауап берді.
Наразы тұрғындар мешіт ішінен шығып, Шымкенттің орталық алаңына бет алды. Ол жақта да наразыдларды билік өкілдері тарқата алмады.
"Арысқа бармаймыз, бізге басқа жақтан үй немесе жер берсін" деп ұрандатқан шерушілермен сөйлесуге Ислам дінін уағыздаушы Абдуғаппар Сманов пен Арман Қуанышбаев келді.
Пікір қалдыру