Жүрсін Ерман мен Балғынбек Имаш соттасқалы жатыр

/image/2019/07/04/crop-3_3_284x313_c498fe53-ab85-4cc6-b98d-da755ce719f2.jpg

"Айтыс" десе, ең алдымен ауызға Жүрсін Ерманның аты келеді. Қазақтың төл өнері айтысты сонау 1984 жылдан жаңартып-жаңғыртып, халық арасында кеңінен насихаттап, поэзия тұлпарларын баптап, бәйгеге қосып жүрген "Айтыс атасы" Жүрсін Ерман Stan.kz сайтына берген сұхбатында дұрыс жолдан бұра тартқан ақындар туралы айтып берді деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі.

Оның айтуынша, ол ешбір ақынды айтыстан бөліп-жарып, шеттетіп көрмеген. Тек қана барынша шақырып, айтыстағы ауызбіршілікті, төл өнердің қасиетін, сапасын сақтап қалғысы келеді.

Журналист ақындар өзара дін мәселесі немесе басқа да мәселелер бойынша бөлініп жүргенінің себебін сұрағанда, Жүрсін Ерман ашық жауап берді.

"Келісім де, бірлік те жоқ. Айтыс ақындарының одағында жақында ғана екінші құрылтай өткіздік. Барлық өңірлерден, облыс, аудандардан 150-ден аса айтыскер ақындар келді. Соған қосылмай, өз беттерінше жүрген ақындар бар. Аттарын айта аламын. Балғынбек Имашев, Айнұр Тұрсынбаев, Жандарбек Бұлғақов секілді ақындар бөлек жүреді, бөлек жайлады. Оларға не айта аламыз? Бірлікке шақырамыз, айтысқа қатысуға шақырамыз", - деді ол.

Сондай-ақ, осындай сұхбаттарында дін туралы әңгіме қозғағаны үшін Балғынбек Имаш оны сотқа бермек болғанын да жасырмады.

"Жақында менің бес томдық шығармалар жинағым жарық көрді. Соның тұсаукесерінде Балғынбек, Жандарбек, Сырым келіп, енді сіздің айналаңыздағы ақындардың ішінде боламыз деп қол алып келген еді. Сол тұста олар дін жолымен бөлек кетіп қалды деген менің сұхбатым  шықты. Содан Балғынбек Имашев хабарласып, "Мен дін жолымен кеткем жоқ. Сіз маған жала жауып отырсыз. Мен сізді сотқа беремін" деді. Қашан сотқа шақырады екен деп тосып жүрмін. Мен оны одан кейін де айтысқа шақырдым. Келмей қойды", - деді ол турасынан тартып.

Сонымен қатар, Жүрсін Ерман ішкілікке салынып, талантын тұл еткен Аян Сейітов турасында да пікір білдірді.

"Өзім қатты жақсы көретін ақтөбелік ақын Аян Сейітов. Үлкен айтыскер ақын келіп қалды деп қуанушы едім. Үш рет айтысқа келіп тұрып қатыспай кетіп қалды. Төртінші рет шақырмадым. Сахнаға шығуға шамасы келмейтін ақынды қалай шақырамын. Өкінішті. Маған үйге келіп, жайнамазды алып, харамнан арылдым сахнаға шығарыңыз деп намаз да оқып көрсетті. Дегенмен, одан кейінгі айтыста да опа берген жоқ", - деп түйді сөзін айтыс жанашыры, ақын Жүрсін Ерман.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар