Неменеге асықтың, қарындасым?!
Күні бүгін бітердей жалын жасың.
Аластамай алдымен айналасын,
Алаш қалай алға озып, адымдасын?!
Қимас қалқам едің-ау көзі қара,
Сыйлас жанды тауыпсың өзі қара.
"Қыдырмашы қыз оңбас" деп түйетін
Бабамыздың дөп айтқан сөзі - дана.
Тілім тістеп, аузыма құм салынды,
Көңіл құрғыр болар ма мұнша мұңды?!
Ана-Ғасыр аманат етіп берген
Қара нəсіл былғады құрсағыңды!
Анаң сенің ах ұрып, алаңдай ма?
Əпке-жеңгең бағыңды бағамдай ма?
Арыстандай ақырар əкең қайда?!
Жолбарыстай атылар ағаң қайда?!
Неменеге жетістің, қарындасым?!
Қазақ қызы емес пе ең бағың басым.
Аңғал қыз-ай, ұлырсың Айға қарап,
Ұлылығын ұлтыңның сағынғасын!
Серік СЕЙІТМАН
Пікір қалдыру