Қазақстанның бұрынғы президенті, елдегі билік партиясы саналатын "Nur Otan"-ның төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев барлық сайлаулар конституциялық мерзімде өтетін айтты деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі. Бұл Назарбаев Нұр-Сұлтанда өтіп жатқан "Nur Otan" партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында айтқан.
Назарбаевтың айтуынша, демонстрация мен шерулер елдегі тәртіпті бұзып, өзекті мәселелермен айналысу шетте қалады.
"Посткеңестік елдерден бастап Африкаға дейінгі елдерді қарап көріңіз. Саяси тұрақсыздық кезінде бірінші кезекте кім зардап шегеді? Экономика құлағандықтан, халықтың өмір сүру сапасы да төмендейді. Жұмыс істеуге уақыт жоқ – шулап, ортаға шығады. Демонстрация мен шерулер. Тәртіп пен билік жоқ жерде – проблема шешілмейді. Әрбір адамның қауіпсіздігі, елдің тұрақтылығы бұзылады. Өзекті мәселелермен айналысу шетте қалады. Әрқашан шулап жүретін адамдарға тағы да бір айта кетейін, барлық сайлаулар конституциялық мерзімде өтетін болады. Осы тақырыпты жабайық", - деді Назарбаев.
Қазақстанда 2019 жылдың 9 маусымында кезектен тыс президент сайлауы өткен. Оған дейін де бірнеше президенттік және парламенттік сайлаулар мерзімінен бұрын болған. Сондықтан қазір көптеген саяси сарапшылар билік жақын арада парламент сайлауын да мерзімінен бұрын өткізеді деген пікірлер айтып жүр.
Нұр-Сұлтан қаласында Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен "Nur Otan" партиясы саяси кеңесінің кеңейтілген отырысы өтіп жатыр.
Пікір қалдыру