Құлдың басы Жапонияның Чюбу аймағының аңызы

/uploads/thumbnail/20170708182344528_small.jpg

Баяғыда бір атақты самурай болыпты. Бірде ол құлы екеуі жолға шығады. Жаздың аптап ыстығында кенезесі кеуіп келе жатқан самурайдың көзі қауын бақшасына түседі. Сайдың тасындай теңкиген қауындардың пісіп тұрған шағы екен. Самурай ойланбастан біреуін қылышымен жарып жіберіп шөлін қандырады. Қауынды жеп болғанда бұл әрекетінің ұрлық екенін сезеді. Самурай құлы екеуі ары қарай жүре береді. «Екеуміз біреудің бақшасынан қауын ұрлап жегенімізді ешкімге айтпа» дейді Самурай құлына. Құл «тіс жармаймын» деп уәде береді. Күн ұясына батып, түн болғанда екеуі бір тауға жетеді. Тауда түнемек болады. Самурай «Құлдың аузында сөз тұрмас. Ертең-ақ менің ием ұрлық жасады деп елге жайып жіберер. Одан да бұның көзін құртайын» деп ойлайды да, ұйықтап жатқан құлдың басын шауып тастайды. Атақты Самурайдың құлы жолда өлді деген хабар бүкіл елге жайылады. Құлдың шешесі еңірегенде етегі жасқа толып, баласының басы шабылған жерге келеді. Ананың зарлағандағы даусы бүкіл елдің сай-сүйегін сырқыратыпты дейді. Баласының басын құшақтаған әйел өзеннің жағасына келіп, «Егер өз кінәңнан өлсең, суға бат, кінәсіз болсаң су бетінде қалқып ақ» деп, басты өзенге тастапты. Бас суға батпай, бірден  өзен ағысына қарсы жоғары қарай қалқып барады екен. Бұл көрініске куә болған  жұрт қатты таңқалыпты дейді. Сол түні бас шабылған жерде оттың ұшқыны пайда болып, әуеге көтеріліпті. Самурайдың ауылының төбесінде күркіреген үн шығарған ұшқын елдің зәресін алыпты. Тылсым құбылыс самурайдың үйінің төбесінде найзағайдай күркіреп тұрып алыпты. Күндіз күлкі, түнде ұйқыдан айырылған Самурай көп ұзамай жынданып өліпті дейді.   Шарафат Жылқыбаева

     

Қатысты Мақалалар