Уақытында еңбек ақылары төленбеуіне байланысты құрылысшылар жұмыстарын тоқтатқан. Ал құрылыс жұмысы аяғына дейін жетпеген. Жыл аяғына дейін 21 көшедегі жөндеу жұмыстары аяқталуы керек еді. Әзірге жоспарланған жұмыс тек жартылай ғана біткен. Жұмысшылар "еңбекақыны алмағанша орнымыздан қозғалмаймыз" дейді. Олардың басым бөлігі қалаға оңтүстік өңірден келген. Барлығы – үйінің жалғыз асыраушысы.
«Жұмысқа тамыздың 15-де келгенмін. Содан әлі айлық алған жоқпыз. Тамақ, жататын жер осы жерден. Бірақ әлі қолымызға айлық түскен жоқ», - деді мердігер компанияның жұмысшысы Қайрат Айнақұлов.
“Бізге әр айдың оны күні жалақыны береміз деген. Айтқан уақыттарынан асып кетті. Қызылорда облысы, Қазалы ауданынан жұмыс істеуге келгенбіз»,- деді мердігер компания жұмысшысы Ізет Мұратов.
Ал, мердігер компанияның басшылығы жұмыс орнында болмай шықты. Жұмысшылардың келсін деген өтінішін де елемеген. Жиналған жұрттың сұрақтарына компанияның жалғыз өкілі, құрылыс тобының бригадирі жауап қатты. Алайда оның сөзінше, жалақы тек 10 күн берілмей қалған. Мұндай жағдай бірінші рет болып отырған көрінеді. "Біз тек бір айдың жалақысын беруіміз керек. Аумақ басшысы жұмысшыларға аванс беру үшін кеңсеге кетті", - дейді "Дәулет-дорстрой" ЖШС құрылыс бригадасының басшысы Айбар Әубәкіров.
Құрылысшылардың сөзінше, жалақының берілмеуіне қаржылай қиындықтар себеп болған. Тапсырыс беруші қалалық мобильділік басқармасы қаржыны толық аудармаған көрінеді. Сол себепті еңбекақы кешіктіріліп тұр екен. Ал басқарма белгіленген қаражат мердігер компанияға уақытылы аударылғанын алға тартқан.
Пікір қалдыру