Шымкентте үш ауысыммен оқитын мектеп саны биыл 15-ке жетті. Қалада мың балаға шақталған мектептерде төрт-бес мың оқушы білім алады. Мектептер оқу кабинеттері жетпегендіктен қосымша сабақтарды алып тастаған деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі Азаттық радиосы ақпаратына сүйеніп.
Шымкенттегі Сайрам ықшамауданында орналасқан №65 мектеп-гимназиясы екі жылдан бері үш ауысымда оқиды. Мектеп директорының міндетін уақытша атқарушы Айгүл Керімбаеваның Азаттыққа айтуынша, 1250 балаға шақталған гимназияда жаңа оқу жылында оқушы саны 3700-ге жеткен. Оқу кабинеттері аз, ал сыныптағы оқушы саны көп.
– Біздегі қиындық сол – бала саны көп, ата-ананың сұранысы жоғары. Кейбір сыныптарда оқушы саны қырықтан асады, – дейді ол.
Республикалық "Зияткер – Ұстаз" қоғамдық бірлестігінің төрағасы Өмір Шыныбекұлының пікірінше, Қазақстанда үш ауысымды мектептер проблемасының пайда болуы – абсурд
– 20 ғасырдың алғашқы жартысында бала туу көбейді. Медицина дамып, бала өлімі азайды. Содан бері демография өсті. 2018 жылы Шымкент қаласында 22 мыңға жуық бала 1-сыныпқа барды. Қазір мектеп тапшы. Үш ауысымды мектептердегі кейбір сыныптарда 45 оқушыға дейін отыр. Сыныпта оқушы саны 25-тен артық болса, білім сапасы төмендейді. Мұғалім 40 минут уақытының бір бөлігін балаларды тыныштандыруға жұмсайды. Бұл – дұрыс жоспардың болмауынан пайда болған мәселе, – дейді мектеп мұғалімі Азаттық тілшісіне берген сұхбатында.
Пікір қалдыру