"Ауруханада қанішерлер жұмыс істейді деп ойлайды": Атыраулық дәрігерлер мәлімдеме жасады

/image/2019/10/08/crop-361_3_591x788_snimok-ekrana-56.png

Дәрігерлердің қателігінен жаңа туған сәби қайтыс болған Атырау облыстық перинаталдық орталықтың дәрігерлері мәлімдеме жасады деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі  "Хабар 24" телеарнасының дерегін негізге алып. Аталмыш орталықтың 31 дәрігері жұмыстан кету туралы арыз жазыпты. Олар тергеу аяқталғанға дейін дұрыстап жұмыс істеуге мүмкіндік беруін сұрап отыр.

"Олардың кінәлі не кінәсіз екенін білмеймін. Сот шешімі шықпай жатып ешкім ештеңе айта алмайды. Бізге жұмыс істеуге мұрша беріңіздерші!", - деді перинаталдық орталықтың гинекологиялық бөлімінің меңгерушісі Бақыт Шоқабаева. 

"Бізге дәл қазір психологиялық және моральдық тыныштық керек. Өз жұмыс орнымызда дұрыс жұмыс істей алуымыз үшін", - дейді акушер-гинеколог Меруерт Айдарханова. 

Ал акушер гинеколог мұндай жағдайда жұмыс істеу мүмкін емес екенін айтты. 

"Халық арасында мұнда тек қанішерлер жұмыс істейді деген ой қалыптасқан. Мұндай жағдайда жұмыс істеу мүмкін емес. Онсыз да бұл жағдайдан соң оңай емес", - дейді акушер-гинеколог Нұрлан Жұбанышев. 

Еске сала кетсек, осы уақытқа дейін перинаталдық орталықтың директоры Қуаныш Нысанбаев пен акушер-гинеколог Асқар Қайыржанға шақалақты әдейі өлтірді деген айып тағылған. Тергеу мәліметі бойынша, дүниеге келген сәбиді "өлі туды" деп рәсімдеп, мұздатқыш камерасына салып тастаған. Ал сәби ол кезде тірі болған. 

Тергеу енді басталған іс көпшіліктің наразылығын тудырды. Оқиға аурухананың жұмысын тоқтатты. Орталыққа ең қажет деген мамандар жұмыстан кету туралы арыз жазған. 

"Қазір жергілікті билік дәрігерлермен диалог орнату үшін барын салуда. «Қазіргі уақытта денсаулық сақтау басқармасы, министрлік пен кәсіподақ ұйымдарының өкілдері олармен жұмыс істеуде. Олардың әрқайсысы күн сайын адам өмірі үшін күресетін ең қажет мамандар", - деді Атырау облысы әкімінің баспасөз хатшысы Серікжан Ерментаев.

"Медициналық көмекті бере беруіміз керек. Сондықтан өз дәрігерлерімді бүгін одан да жақсы, бұрынғыдай жұмыс істеуге шақырамын", - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мәншүк Аймұрзиева.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар