Алматы қаласының Кәсіпкерлік және инвестиция басқармасының мәліметі бойынша Талдықорған, Қапшағай, Текелі қалалары мен Алматы облысының 17 ауданы жалпы құны 111 млн. теңгеден асатын түрлі ауылшаруашылық өнімдерін жеткізетін болады. Шараға «Жетісу» ӘКК» АҚ да қатысады, деп хабарлайды almaty.gov.kz сайты.
Алматылықтар мен қала қонақтарына жалпы көлемі 180 тонна болатын азық-түлік тауарларының 50-ден астам түрлері ұсынылады, оның ішінде 50 тонна ет және балық өнімдері, 86 тонна жеміс-көкөніс, 14 тонна сүт өнімдері, сонымен қатар жарма, ұн, өсімдік және мал майлары бар. Жәрмеңке бағасы базардағы орта бағадан төмен болады. Мысалы, бір килограмм сиырдың етін 1700 теңгеге, құстың етін 750 теңгеден, картопты 80 теңгеден, пиязды 65 теңгеден алуға болады.
Жәрмеңке таңғы сағат 8:00-де басталады. Шара аясында ұйымдастырушылар өңірдің көркем өнерпаздар ұжымдарының қатысуымен қызықты концерттік бағдарлама дайындаған.
Еске салсақ, кеңейтілген ауыл шаруашылық жәрмеңкелерін өткізудегі мақсат – қалалықтарды қолжетімді бағадағы түрлі сапалы өнімдермен қамтамасыз ету.
Таяу арада Алматыда Жамбыл, Түркістан және Шығыс Қазақстан облыстарының қатысуымен осындай жәрмеңкелер өтетін болады.
Пікір қалдыру