Премьер-министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаевтың айтуынша әр азамат зейнетақы жинағындағы ақшаның көлеміне байланысты жинағын пайдалануға мүмкіндік ала алады деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі
2 қыркүйекте Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына алғашқы жолдауында үкімет пен Ұлттық банк зейнетақы жүйесінің тиімділігін арттыруы жөнінде сөз қозғаған.
Сондай ақ президент үкіметке жылдың соңына дейін жұмыс істейтін адамдардың зейнетақы жинағының бір бөлігін мақсатты пайдалану мәселесін пысықтауды тапсырған. Яғни халыққа зейнетақы қорындағы ақшаның бір бөлігін баспана мен білімге жұмсауға рұқсат беру мүмкін.
"Біріншіден, бұл әр азаматтың зейнетақы жинағына байланысты болады. Екіншіден – өмір сүру ұзақтығына. Бұл азамат шамамен қанша жыл зейнетақы алатынын есептейміз. Яғни, өмірінің қалған күндеріне жинаған қоры жете ме, жоқ па, соған қараймыз", - деді Сапарбаев мәжіліс кулуарында. Вице-премьердің сөзінше, зейнетақы жинағындағы қаражатты алуға қатысты мәселе талқылану үстінде және арнайы жұмыс тобы тиісті ұсыныстарды дайындауда.
Пікір қалдыру