Интернет желісін пайдалануға мүмкіндігі жоқ білім мекемелерінде мұғалімдерді электронды күнделікті толтырудан босатады деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі 31 арна мәліметін негізге алып.
Елімізде 700 мектеп желінің жылдамдығының төмендігіне шағым айтса, 100 мектепте интернет мүлдем қосылмаған. Осы мәселені ескере отырып, білім министрлігіндегілер техникалық мүмкіндігі жоқ мектептерде «Күнделікті» пайдаланбауға болады деп шешті.
«Егер мектепте кең жолақты қолжетімділікке техникалық мүмкіндік болмаса, онда мектеп пен мұғалімдер баға қою үшін қиындыққа тап болмауы керек. Қазіргі уақытта каналдың жылдамдығы 750 мб-тен 2 гб-ге дейін жеткізілді. «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-да ақпарат сақтау көлемі 5 ТБ-ге дейін арттырылды. Бұл жүйенің жұмысы үшін жеткілікті», - дейді білім және ғылым вице-министрі Рүстем Биғари.
Ал мектеп мұғалімдері мен директорлары «Күнделікті» толтырмаған жағдайда білім мекемесінің рейтингі төмендейді деп қорқады. Алайда сервис директоры мұндайды жоққа шығарып отыр.
«Вице-министрліктің орталық аппаратының және ІІМ басқармасы деңгейінде бақылау жүргізіледі. Мұнан басқа ешқандай рейтинг жоқ», - дейді «Күнделік» ЖШС бас директоры Мұхтар Ілиясов.
Пікір қалдыру