Белсенді Дулат Ағаділдің изолятордан "қашып кеткені" хабарланды (видео)

/image/2019/11/14/crop-17_199_389x691_49196602_533800923785808_1572139621553274880_o.jpg

Белсенді Дулат Ағаділдің Ақмола облысы Целиноград ауданындағы уақытша ұстау изоляторынан қашып кеткені хабарланды. Бұл туралы 13 қараша күні кешке Facebook әлеуметтік желісінде белсенділер жазды. Ресми органдар бұл жайтқа қатысты әлі ресми ақпарат бермеді. 

Нұржан Сеитжанов есімді нұрсұлтандық белсенді 13 қарашада Facebook-та тікелей эфирге шығып, полицияның Ағаділді іздеп, үйінде "тінту жүргізгенін" хабарлады. 

Ағаділдің әйелі Гүлнар Қасымханова 13 қараша күні кешкі сағат 22.00-де  үйіне өздерін полиция өкілдеріміз деп таныстырған адамдар келіп, күйеуінің уақытша ұстау изоляторынан қашып кеткенін айтқан. Қасымханованың айтуынша, күйеуінің босап шығуына бір күн қалған, сондықтан оның қашып шығуы мүмкін емес.

Ағаділдің уақытша ұстау изоляторынан "қашып шыққанынына" белсенділер де күдікпен қарайды. Бұл туралы олар Facebook-та жазып жатыр. Жақында билікке қарсы оппозициялық партия құратынын мәлімдеген белсенді, журналист Жанболат Мамай "Ағаділ түрмеден қашты" дегенге сенбейтін, бұл белсендіні "саяси себеппен қудалау" деп білетін жазды. 

"Дулат Ағаділ түрмеден қашты дегенге мен сенбеймін. Біріншіден, мерзімі аяқталуға бір күн қалғанда қашып несі бар? Екіншіден, талай түрмеде отырған адам ретінде айтайын: одан қашу мүмкін емес! Үшіншіден, Дулат өзін кінәлі сезінбейді. Сезікті секіреді демекші, оның қашатын жөні де жоқ! Сондықтан, мұны саяси себеппен қудалау деп білемін! Қорғауға дайынбыз!" деді Мамай. 

Дулат Ағаділдің адвокаты Данияр Ақтанов бейсенбі, 14 қарашада таңертең Азаттық Радиосының тілшісіне белсендіге қатысты ақпараты жоғын, уақытша қамау изоляторына кіруге рұқсаты жоғын айтқан.

"Қашып кетті ме, қашып кеткен жоқ па немесе оны ол жақтан алып кетті ме, әлде басқа ма, ештеңе белгісіз" депті адвокат Данияр Ақтанов.

Tirek.info сайтының жазуынша, 4 қарашада сот 42 жастағы белсенді Дулат Ағаділді "полицияға бағынбағаны үшін" он тәулікке қамаған. Оның алдында белсенді "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзғаны үшін" 15 тәулікке қамалып шыққан. 

 

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар