Ақтөбеде қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында "сүйіктісін өлтірді" делінген Бақыт Орынбасаровқа сот үкімі шықты, деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі Қазақпаратқа сілтеме жасап.
Қазақпараттың жазуынша, Бақыт Орынбасаровқа сүйіктісі Әсем Эльбрусованы өлтірді деген айып тағылып отыр. Олар 2018 жылы танысып, 2019 жылы отбасы құруға келіскен. Тергеу нұсқасы бойынша, екі жас жалдамалы пәтерде кездесіп, 23 жастағы сотталушы сол жерде 22 жастағы болашақ жарын өлтірген.
Кешегі сот отырысында Орынбасаров сотта соңғы сөзін айтып, кешірім сұраған. Ал бүгін сот Орынбасаровқа 10 жыл түрме жазасын кескен.
"Бақыт Орынбасаров Қылмыстық кодекстің "Адам өлтіру" бабы бойынша айыпты деп танылып, 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Жазасын қылмыстық атқару жүйесінің қауіптілігі жоғары түзету мекемесінде өтесін" деді судья А. Сабыр.
Сотталушы жәбірленушіге 2,7 миллион теңге материалдық және 3 миллион теңге моральдық шығынды өтеуі тиіс. Жәбірленуші тарап үкіммен келіспеді, апелляциялық шағым береді.
Пікір қалдыру