Марғұлан Сейсембай: Ұлтаралық жағдайды асқындырмайық

/image/2020/02/13/crop-150_3_495x660_margulan.jpg

Байқап отырмын, кейбір популистер осы трагедиядан бедел жинап қалуға тырысып, оқуға татымайтын посттар жазып жатыр. Ұлтаралық жағдайды асқындырмайық. Енді өз ойымды айтсам:

1. Дүнгендердің әскерге бармайтынын тексеріп, нақтысын білу керек. Егер осылай болып жатқаны рас болса, онда военкоматтарды жемқорлық жайлаған деген сөз. Сол жерде өзіміздің қазақтар отыр ғой. Әскерге дүнгендер ғана емес, өзіміздегі дөкейлердің балалары да бармайды. Сондықтан бұл жерде бар пәлені ұлттан көрмей, биліктегі жемқорлықтан көрген дұрыстау болады..

2. Дүнген балаларының мектепке бармайтыны. Бұл да жергілікті биліктің қырсыздығынан. Білім бөлімі, балаларды қорғайтындар, т.б биліктің органдары бар. Соларды іске қосып, ата-анасын хұқынан айырыңыздар. Әлде ол қолдан келмей ме? Егер қолдан келмесе, онда сіздерді не сатып алды, не полицейлер міндетін дұрыс атқармай жүр деген сөз!

3. Наурызға байланысты. Олардың Наурызды тойламайтын себебін діннен іздеп көру керек сияқты. Наурыз деген зайырлы мереке емес. Исламға дейінгі пұтқа табынушылардың дәстүрінен шыққан мереке болатын. Меніңше бұны осылай түсінген дұрыс. Оны атап өте ме, атап өтпей ме, ол әркімнің өз шаруасы деп ойлаймын. Мерекені күштеп тұрып тойлататын әдет Сәвет кезінде болған.

4. Қазақ тіліне байланысты. Қазақстанда тұратын диаспоралардың қазақ тілін білуі міндет. Бұған көңіл бөлетін уақыт баяғыда болды.

5. Мешіттегі уағыз. Мешітте уағызды қазақ тілінде ғана айту керек.

6. Көшенің ортасымен жүруге байланысты. Егер рас болса, ол да жергілікті биліктің жауапсыздығынан болып жатқан нәрсе. Бұл дегенің нағыз былық деген сөз. Заңның алдында бәрі бірдей.

7. Соңғысы, осындай кезде ең оңай жолды тауып алып, бар кінәны бір кісіге үйіп-төгіп құтылуға тырысатын бір жаман әдет бар бізде. Адамдарды сосын ұлтына, тұрмысына қарап алалау басталады. Мұндай кезде онсыз да сіркесі су көтермей жүрген халық одан зорғысына баруы мүмкін. «Ақыл дос, ашу дұшпан» деген қазақта мақал бар ғой.

Сондықтан асықпай, сабыр сақтап, бәрін жеті рет өлшеп барып, бір рет кесу керек. Әйтпесе, болашақта бұдан да қиын болуы мүмкін. Қазақстанда тұратын басқа диаспоралардың арасында да небір тамаша адамдар бар, оны да ұмытпайық!

 Қордайдағы қақтығыс

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар