Нұр-Сұлтанда үнсіз митингке шығып, аштық жариялаған аналар еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ғимаратының алдында түнеген. Олардың ішінде жүкті әйелдер де бары анықталды.
– Біз осы жерде түнедік. Кеше сағат 10:00-де келдік, әлі тұрмыз. Дәретханалардың бәрін жауып тастады. Енді дәретхана іздеп, айналаның бәрін аралап жүрміз. Қарапайым халық көмектесіп тұрады. Кешеден бері нәр татқан жоқпыз. Біздің талаптарымыз орындалғанша отырамыз, – дейді Нәзира Мұқашева.
Көпбалалы аналар картон қорапты төсеп, мәрмәр тастың үстінде түнеген. "Күміс алқа" иесі Құралай Алиясова жедел жәрдем мен полицияның әрекетіне арызданды. Оның сөзіне қарағанда, бүгін жедел жәрдем қызметкерлері температурасын өлшегеннен кейін карантинге жауып тастамақшы болған.
– Полиция мені шығармай, ұстап тұрды. Осы жерде отырған аналар барып, жұлқылап шығармаса, мені босатпайтын еді. Температураңыз жоғары деп, карантинге жаппақшы болды. Киімді жыртып тастады, – деді Алиясова.
Жедел жәрдем қызметкерлері көпбалалы ананың киімін жыртпағанын айтып, температурасын өлшегенде 35 градусқа да жетпегенін атап өтті.
– Ол кісінің температурасын өлшегенде 36,9 градус болған. Бұл – коронавирус инфекциясының белгісі. Тәртіп бойынша адамда дене қызу анықталса, жедел жәрдем оны сынамаға алып кетуі керек. Ол адаммен қарым-қатынаста болған адамдар да тексерістен өтуі шарт. Мен өзім болған жоқпын. Сондықтан киімді кімнің жыртқанын білмеймін, – деді Есіл ауданының бас санитар дәрігері Арман Құрбанов.
Есіл ауданы бас санитар дәрігерінің айтуынша, митингке шыққан көпбалалы аналар арақашықтықты сақтамаған және бетпердені дұрыс кимеген.
Аштық жариялаған аналар арақашық сақтап, үнсіз митингті әрі қарай жалғастыруда.
Еске сала кетейік, кеше елордада көпбалалы аналар еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің алдында "үндемейтін" пикетке шыққан.
Пікір қалдыру