Ұйғыр ауданындағы мәселеден кейін бес адам жұмыстан шығарылды

/image/2020/06/11/crop-2_7_1056x1785_mycollages-1.jpg

Журналист Қанат Әбілқайыр өзінің facebook парақшасына Алматы облысы Ұйғыр ауданындағы ұлтаралық мәселе туралы екі жазба жариялап, жағдайдың асқынып кетуі мүмкін екеніне назар аударған. 

"АҚТАМНЫҢ МҰҒАЛІМДЕРІ ҚАЗАҚТАРҒА ҰЙҒЫР ТІЛІН БІЛУДІ МІНДЕТТЕП ОТЫР МА, БАТАЛОВ МЫРЗА!" деген алғашқы жазбада журналист аудандағы Ақтам ауылында қазақ пен ұйғыр жастары төбелесіп қалғанынан туған дау туралы хабарлаған. Кикілжіңнен кейін этникалық ұйғыр оқушысының жер жайлы даулы мәлімдеме айтқаны, оған қазақ оқушысының жауап бергені, артынан мектеп мұғалімдері арасында тілге байланысты жанжал шыққаны мәлімделген.

"ҰЙҒЫР АУДАНЫНЫҢ АТЫ немесе МЕМҚЫЗМЕТШІ ЖОҚ МЕМЛЕКЕТТІҢ ТУЫН НЕГЕ НАСИХАТТАЙДЫ, БАТАЛОВ МЫРЗА?" деген тақырыппен жарияланған екінші жазбада сол ауданның тұрғыны, мемлекеттік қызметте істейтін этникалық ұйғыр қыз өзінің ватсап желісіндегі статусына белгісіз тудың (ұйғырлардың бейресми туы) суретін бетіне жапсырғанын жариялағанын айтқан. "Мәселе аудандық деңгейде жылы жабылып қойылыпты" деген ол "мемқызметкер Әбләзовтың идеясын насихаттаса ауыл, аудан әкіміне дейін орнынан алынып тастар еді" дейді. Бір қарын майды бір құмалақ шірітетініндей, осындай деректер  ұлтаралық мәселені тудыруы мүмкін екенін, мұндай деректің аудандағы идеологиялық жұмыстардың тоқырап тұрғанын аңғартатынын жеткізіп, облыс басшысы Амандық Баталовты мәселеге мән беруге шақырған. Соңында Ұйғыр ауданының атын өзгерту қажеттігін көтерген.

Facebook әлеуметтік желісінде қызу талқыға түскен мәселеге Қамшы порталы да назар аударып, аудандық ішкі саясат бөлімі қызметкерлерімен сөйлескеннен кейін Ұйғыр ауданына арнайы тілші жіберіп, мәселенің мән-жайынан оқырманды хабардар етпек болған.

Алайда бүгін, 11 маусым күні Ұйғыр ауданы ішкі саясат бөлімі қызметкерлері хабарласып, мәселеге облыстық деңгейде көңіл бөлініп, тиісті шара қолданылғанын айтты.

Аталған дерек бойынша облыстық комиссия құрылып, өңірде жұмыс жүргізген. Соның нәтижесінде, Ақтам орта мектебінің директоры Измахунов Октябрь Турганович, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Қапсаламов Мұқаметқали, сонымен бірге, аталмыш мектептің биология пәнінің мұғалімі Кахарова Түрдибуви қызметінен босатылған.

Бұдан бөлек, Ақтам ауылдық округі әкімі аппаратының спорт жөніндегі әдіскер-нұсқаушысы Камаев Сабиржан Суняцунович және Тиірмен ауылдық округі әкімі аппаратының жастар ісі жөніндегі әдіскер-нұсқаушысы Якярова Умида қызметінен кеткен.

Алдағы уақытта осыған ұқсас жайттар қайталанбас үшін облыстық комиссия мүшесі, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының хатшылық меңгерушісі Ғабит Тұрсынбай аудан белсенділерімен жүздесіп, түсіндірме жұмыстарын жүргізген.

Аудан халқы "бір құмалақтың" кесірінен тұтас өңірге сөз тигенін алға тартып, мұндай келеңсіз жайттың болғанына өкініштерін білдірді.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар