Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен Жамбыл облысы жедел штабының кезекті отырысында таяу уақытта шектеу шараларын күшейту туралы шешім қабылданды. Шектеу шараларын күшейту туралы шешім коронавируспен ауырған науқастар санының өсуіне байланысты болып отыр, деп жазады coronavirus2020.kz.
Басқосуда тауарлар мен қызметтердің сапасын бақылау департаментінің басшысы Берік Жарқынбеков баяндама жасады.
– Өкінішке орай, статистика көңіл көншітпейді. Егер 15-21 маусым аралығында өңірде 317 жағдай анықталса, 22-28 маусым аралығында ол – 473-ті құраған. Оның 60 пайызы Тараз қаласында тіркелген, – деді Берік Жарқынбеков. Сондай-ақ, оның айтуынша, көрсеткіштің нашарлауына карантиндік шараларды жеңілдету және эпидемияға қарсы шаралар алгоритмдерінің сақталмауы әсер еткен.
Департамент басшысы барлық еңбек ұжымдарының кіреберістерінде қызметкерлердің дене температурасын өлшеуді, ауру белгілері бар қызметкерлерді жұмысқа жібермеуді, санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды сақтауға жауапты адамды айқындауды, жұмыс күні ішінде қолғаптар мен маскаларды пайдалануды, бір бөлмеде кемінде бір метр қашықтықты сақтауды, қызметкерлерді жұмысқа және жұмыстан үйге қызметтік автокөлікпен орталықтандырылған жеткізуді қамтамасыз етуді ұсынды.
Басқосу соңында Бердібек Сапарбаев жамбылдықтарды санитарлық дәрігерлердің ұсыныстарын ұстануға шақырып, үндеу жолдады.
Пікір қалдыру