Әнші Димаш Құдайберген елде коронавирус өршіп тұрғанына қарамастан салют атып, отшашу ұйымдастырғандарды сынға алды.
Әнші Instagram парақшасында "Отшашу ненің құрметіне? Біз коронавируспен ауырып жатқандар жөнінен әлемде алғашқы орынға шыққанымыздың құрметіне ме? Астанада отшашу ұйымдастырып жатқандарыңызда, адамдар тыныс алу аппараттарын таппай жатты. Дәл осылай жалғастыра беріңіздер, келесі жылы тойлайтын ешкім қалмайды" деп жазды.
Кеше, 6 шілде күні Нұр-Сұлтанда астана күні мен Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 80 жылдығына орай биліктің ұйымдастыруымен ойын-сауық шаралары өтіп, арты отшашуға ұласқан. Билік бұл шараларды елде коронавирус өршіп, аруханаларда орын, дәріханаларда дәрі жетіспей тұрғанына қарамастан өткізген.
Нұр-Сұлтан әкімдігі отшашу "қала тұрғындарының көңіл-күйін көтеріп, медицина қызметкерлерін қолдау үшін" ұйымдастырылған деп мәлімдеді.
Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар алғаш рет наурыз айының басында анықтала бастады. Артынша елде екі айға жуық төтенше жағдай режимі жарияланып, қалалар карантинге жабылды. Мамыр айының ортасында билік төтенше жағдай режимін алып, карантин шектеулерін жеңілдете бастағанда вирус жұқтырғандар саны күрт өсті. Соңғы айда елде күніне кемі 1000 адамнан вирус анықталып жүр.
Қазір елдегі дәріханаларда дәрі тапшы. Ауруханаларға науқастар сыймай жатыр.
Пікір қалдыру