Оңтүстік Қытай теңізіндегі Вашингтон-Бейжің шиеленісі күшейе түскен кезде, Қытай Американың әскери ұшақ тасымалдаушы кемелеріне "киллер зымырандармен" қауіп төндірді. Бұл туралы Қамшы тілшісі қытайлық Глобал Таймс басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Ағылшын тілінде шығатын қытайлық Глобал Таймс мемлекеттік газеті Twitter парақшасында Қытайда соғыс ұшақтарын тасушы кемелерге соққы беретін "DF-21D" және "DF-26" сияқты киллер зымырандар бар екенін хабарлаған.
Басылымның жазуынша, Оңтүстік Қытай теңізі #PLA-ның (Қытай Азаттық Арамиясының) толығымен бақылауында.
Қытай флотының аға полковнигі Чжан Юнше "PLA Daily" газетінде жарияланған түсініктемесінде Бейжіңнің теңіз егемендігіне қатысты мәселеден бас тартпайтынын және АҚШ-тың шегіну керектігін айтқан.
Қытайдың оңтүстік қолбасшылығы ресми WeChat аккаунты арқылы "тауды шайқау оңай, бірақ PLA-ны (Қытай Азаттық Армиясы) шайқау мүмкін емес" деп мәлімдеген.
Оңтүстік Қытай теңізінде АҚШ пен Қытай әскери күштері бір уақытта жаттығу өткізуде. Қытай шілденің басында Паракель аралдары маңына соғыс кемелерін жіберген. Кейінірек, Вашингтон да Паракель аралдары маңына әскери ұшақтар тасымалдаушыларын жіберді. АҚШ оған қоса, ядролық бомлалаушысын да жөнелткен.
Әскери сарапшылар екі елдің көптеген соғыс ұшақтары мен кемелерінің өте жақын қашықтықта жаттығу өткізуі әскери қақтығыс қаупін күшейтетінін мәлімдеген.
Пікір қалдыру