Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған қойылымда 500 актер ойнайды

/uploads/thumbnail/20170708192634624_small.jpg

Қазақ хандығының жарты мыңжылдығына орай Әуезов театрының ұжымы ауқымды спектакль дайындап жатыр. Жабал Ерғалиевтің "Қилы жол" шығармасының желісіндегі қойылымға Керей мен Жәнібек тұсындағы оқиғалар арқау болған. Спектакльге ұзын-ырғасы 500-ден астам актер қатысды. Жазғы демалыс маусымына қарамастан, Әуезов театрының ұжымы қазір қызу жұмыс істеу үстінде. Бұл туралы "Қамшы" ақпараттық порталы tengrinews.kz-ке сілтеме жасай отырып хабарлайды.

Сонымен қатар, шығармада 1465 жылғы елеулі оқиға, яғни Керей мен Жәнібектің қазақ хандығының қазығын қаққаны баяндалатыны айтылады. 1 сағатқа жоспарланған спектакльде Жәнібек пен Керейдің Әбілхайыр ханнан бөлініп, азаттық пен бостандықты арман еткен қалың қазақты артынан ертіп, бір ту астына жинаған кезеңі бейнеленеді.

Қойылымда хандықтың қалай құрылғаны, ол кездегі талас-тартыс, қилы заман егжей-тегжейлі көрсетіледі. Ашық аспан астында, үлкен стадионда қойылатын ауқымды спектальде Әуезов театры мен Тараз қаласының 500-ден астам әртісі атсалысады. 200 актер жауынгердің ролінде ойнап, сахналық шайқастарға жауапты болса, 150-ден астам адам би көріністерін жасайды. ХV ғасырдағы көшпенді қазақтың бай мәдениеті қамтылатын қойылымды жұтаң етіп көрсетпеу үшін арнайы костюмдер мен безендірулер әзірленіп жатыр.

"Қилы жол" қойылымын барша көрермен қазан айында Тараз қаласының орталық стадионында тамашалай алады. Қазақ хандығының жарты мыңжылдығын тойлау барысында жарыққа шығатын спектакльге Елбасының өзі арнайы келіп қатысады деп жоспарланып отыр.
 

Қатысты Мақалалар