Банктің қара тізімінен қалай шығуға болады?

/image/2020/10/15/crop-3_26_232x412_7c673567593347cbdbf61c0f18370857.jpg

Несие тарихын жақсартуға бола ма? Банктің қара тізімінен шығудың жолы қандай? Несие тарихы бұзылғандардың барлығына бірдей кредит берілмей ме, осы және өзге сұрақтардың жауабын төмендегі материалдан білуге болады.

Несие тарихы туралы ақпарат қанша уақытта жаңарады?

Несие тарихы туралы ақпарат бірінші кредиттік бюрода 10 жыл бойы сақталады. 10 жылдан кейін де несие тарихы бюро архивінде тіркеуде тұрады, бірақ құнын жоғалтады. Яғни, ол жерде несиенің неше уақыт төленбегені, қарыз сомасы жазылмайды. Ал төленіп жатқан кредитке байланысты несие тарихына қандайда бір өзгеріс енсе, ақпарат 15 күнде жаңарады.

Кредит тарихын қалай жөндеуге болады?

Бұл сұрақ көпті толғандыратыны белгілі. Алайда жаман кредит тарихын толықтай жөндеу, тазарту, жою мүмкін емес. Жаман кредит тарихын тек жақсартуға ғана мүмкіндік бар.

Ол үшін алдымен бар болған жағдайда проблемалық кредиттерді жабу қажет. Бұл сіздің жағдайыңызды анағұрлым жақсартады. Өйткені проблемалық қарызы бар бола тұра, жаңа несие алу мүмкін емес десе де болады. 

Тағы бір амал – микроқарыз, кредиттік карта немесе аз сомаға кредит рәсімдеп, оны уақытылы жабу. Осылай бірнеше рет жасалған жағдайда клиенттің банк алдындағы репутациясы жақсарады.

Үшінші жол – депозит ашу, оны ұдайы толтырып тұру. Бұл фактордың кредит тарихына еш қатысы жоқ болғанымен, пайдасы бар. Кредитке өтінім берерде, банк клиенттің активінде тұрақты түрде толтырылып тұрған депозиттің барын назарға алады. Бұл банк үшін клиенттің төлем жасауға қабілетті екенін білдіретін белгі болуы мүмкін.

Несие тарихы бұзылғандарға кредит мүлде берілмей ме?

Несие тарихы бұзылған азаматтарға кредит беретін банк бар деп 100 пайыз сеніммен айту қиын. Бірақ кредит ұйымдары әр адамның өтінімін жеке қарастыратынын ескерген жөн. Сондықтан танысыңызға несие тарихы құртылғаны үшін  қарыз бермеген банк сізге де "жоқ" дейді деу қате. Егер несие бойынша төленбеген күндер көп болмаса, банк мұндайға көз жұма қарауы мүмкін. Кредит тарихын бағалайтын критерийлер әр банкте әртүрлі екенін ескерсек, бір банк үшін өрескел болып көрінген кешігу, келесі банк үшін айтарлықтай маңызды болмауы мүмкін.

Дереккөз: bankchart.kz

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар