Бүгін Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин қала маңындағы елдімекендерді аралады. Құрашасай, Ясный-1, Ақшат, Ақшат-3, Промзона аймақтарындағы жолдардың жөнделуі, инфроқұрылым жүйелерін тарту жұмыстарымен танысты.
“Қалаға қарасты ауылдық елдімекендер тасада қалып қоймауы тиіс, облыс орталығында халық санының өсуіне байланысты түрғындар тарапынан жол салу, газ, ауыз су, электр жүйелеріне сұраныс артып отыр.Біз бұл мәселені дер кезінде шешуді қолға алдық”,- деді Оңдасын Оразалин.
Аймақ басшысы Промзона ауданындағы жолдың орташа жөндеу жұмыстарын бақылады. Ұзындығы 7 км болатын көшенің 800 метрі жөнделген. 2020 жылдың тамыз айында басталған жұмыс 2021 жылы аяқталады. Ол үшін бюджеттен 90 млн тг бөлінді. Бұдан соң, Құрашасай ауылындағы жылу қазандықтың қайта жөндеу жұмысымен танысты. 37 нысанды жылумен қамтамасыз етіп отырған қазандық қайта жөндеу жұмыстарын дер кезінде аяқтай алмай, жылу беруді 15 күнге кешіктірген. Облыс әкімі мекеме басшылығына жіберген қателіктері үшін қатаң ескерту берді . Құрашасайдағы ұзындығы 1,2 км автожол орташа жөндеуден өткен. Мұнда өңір басшысына қала сыртындағы елдімекендерде жүргізілген, және келесі жылғы жоспарланған жолдардың жөндеуі таныстырылды. 2021 жылы Ясный, Құрашасай, Пригородный,Ақшат, Заречный-3, Заречный-4 тұрғын үй алабындағы жалпы көлемі 56 км болатын топырақ жолдарға асфальт төселеді. Ол үшін «ЖҚЖК» аясында 400 млн тг қаржы қаралған. Облыс әкімі жөндеудеуден өтуі тиіс жолдардың мұнымен шектелмеуін, сондай-ақ, Рауан, Бауырластар, Жаңақоныс елдімекендеріндегі жолдарды жөндеуді тапсырды. Оңдасын Оразалин сондай-ақ, қала сыртындағы елдімекен тұрғындарын толғандыратын тағы бір мәселені айтып өтті. Қыста қалың қардың басуынан көлік қатынасы қиындауына байланысты, биыл бұл проблеманы болдырмау қажеттігін тапсырды. «Аймақ басшысының тапсырмасымен аталған елдімекендерге кіре беріс жолдар мен қоғамдық көлік жүретін және әлеуметтік мекемелерге баратын жолдарды асфальттауға басымдық бердік»,-деп атап өтті қала әкімі. Оңдасын Оразалин Ақтөбе қаласы «Оңтүстік айналма жолының» 21,5-35,3 км аймағында атқарылған қайта қалыпқа келтіру жұмыстарын қарады. Жүзеге асырылып жатқан жоба Елек өзені арқылы өтетін көпірдің құрылысын қамтиды. 2019 жылы 3,4 млрд.теңгеге жұмыс жүргізілсе, 2020 жылы жұмыстарды жалғастыруға 1,9 млрд.теңге бөлінді. 2021 жылы толық пайдалануға беріледі. 4 жолақты айналма жол қаладағы көлік кептелістерін азайтуға және кедергісіз транзиттік қозғалысқа ықпал етеді. Өңір басшысы Ақшат, Ақшат-3 тұрғын үй алаптарында болды. Ақшат елдімекенінде іске қосылған сумен жабдықтау желісінің жұмысымен танысты. 2020 жылдың маусым айында 16 км су құбыры желісін орнату жұмыстары басталып, қазан айында аяқталды. Нәтижесінде 285 тұрғын үй ауыз сумен қамтамасыз етілді. «ЖҚЖК» аясында атқарылған жобада жергілікті 10 азамат жұмыспен қамтылды. Облыс әкіміне 2020-2021 жылдары елдімекендерге жүргізілген және жоспардағы инфроқұрылым жұмыстары стенд арқылы таныстырылды. Биыл құны 5,831 млрд теңгеге 15 жоба жүзеге асырылуда. Оның ішінде 2,055 млрд тг ауыз сумен қамту, 2,139 млрд тг электрмен және 1,637 млрд тг көгілдір отынмен қамтамасыз ету жұмыстары жасалуда. Ал, келесі жылы құны 15, 715 млрд тг 29 жоба іске асырылады. Магаджан, Рауан, Сая, Ақжар плюс, Парасат, Сарбаз, Белогорка, 41-разъезд т.б тұрғын үй алаптары жарық, көгілдір отын, ауыз сумен қамтамасыз етілетін болады. Ақшат-3 елдімекенінде электр желісімен жабдықтау жұмысы жыл соңына дейін аяқталады. Жоба іске қосылса 1100 тұрғын үй электр қуатына қол жеткізбек. Келер жылы газ, су мәселесі оңды шешімін табатын болады. Облыс әкімі Оңдасын Оразалин қала басшысына аяқталуға жақын жорбаларды жыл соңына дейін бітіруді, 2021 жылға жоспарланған жобалардың құжаттарын тезірек әзірлеуді тапсырды.
Пікір қалдыру