Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев пен Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин өңірдегі мұнай-газ саласының бірқатар нысандарын аралады.
Делегация «Gas Processing Company» ЖШС-ның «Қожасай» газ өңдеу зауытының жұмысымен танысып, Жаңажол газ өңдеу зауытында және «СНПС – Ақтөбемұнайгаз» АҚ-ның газтурбиналы электр станциясында болды.
Сапар қорытындысы бойынша мұнай-газ саласы, кәсіпкерлер, Энергетика министрлігі мен Ақтөбе облысы әкімдігі өкілдерінің қатысуымен кездесу өтті.
- Облыс әкімі Энергетика министрлігінің алдына кен орындарына жақын орналасқан елді мекендерді газбен жабдықтауға жәрдемдесу, сондай-ақ олардың тұрғындарын жұмыспен қамтамасыз ету мәселесін қойып отыр. Біз жер қойнауын пайдаланушылармен осы мәселелерді пысықтап, олардың әлеуметтік жауапкершілігі аясында қолдау көрсетеміз. Сондай-ақ жер қойнауын ұтымды пайдалану және қоршаған ортаға әсерді азайту өте маңызды. Жер қойнауын пайдаланушының келісімшарттық мерзімі аяқталғанымен, кен орны мен оған іргелес жерді пайдалану мерзімі аяқталмайды, біздің ортақ міндетіміз – кен орындарының қызмет ету мерзімін ұлғайту, бұл тек ұқыпты пайдалану кезінде ғана мүмкін болады. Бұл мәселе министрліктің тұрақты бақылауында, - деді Нұрлан Ноғаев.
Әңгімелесу барысында бірқатар кәсіпкерлер өздерінің көзқарасы бойынша жекелеген жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алуларының ашықтығына алаңдаушылық білдірді, сондай-ақ уәкілетті органдардан мұнай-газ саласындағы сатып алулардағы жергілікті қамтуды ұлғайту жөніндегі жұмысты күшейтуді сұрады. Ноғаевтың айтуынша, қазіргі уақытта Қазақстанда Chevron комапниясы 248,5 миллион АҚШ долларын бөлуді жоспарлап отырған Жергілікті қамтуды дамыту қоры құрылуда. Осы қордан инвестициялар технологиялар мен IT-ге, базалық тауарлар өндірісіне, мұнай-газ секторы жабдықтарының жекелеген түрлерін жинақтауға және қоршаған ортаны қорғауға салынатын болады. Бұдан басқа, елімізде мұнай-газ машинасын жасау мен сервисті дамытудың халықаралық орталығы құрылатын болады, оның мақсаты ҚР-дың Мұнай-газ саласына арналған тауарлар мен көрсетілетін қызметтер өндірісін оқшаулау болып табылады.
- Өз кезегінде жер қойнауын пайдаланушылар да өз міндеттемелеріне, жергілікті қамтуды дамытуға жауапкершілікпен қарауы тиіс. Кәсіпкерлердің шағымдары негізді деп санаймын. Мұнай-газ саласында тапсырыстарды орындайтын шартты отандық фирмалардың түпкілікті бенефициары шетелдік компаниялар немесе жеке тұлғалар болып табылатын жағдайлар кездесіп жатады. Әртүрлі амал-айла қолданудың қажеті жоқ. Қазақстанға жұмыс істеуге келген инвесторлар жергілікті қамтуды дамыту, қазақстандықтарды жұмысқа орналастыру бойынша міндеттемелерді өзіне алады, оларды орындау қажет, - деп атап өтті Нұрлан Ноғаев. Жасанды кедергілер қою және белгілі бір компаниялар үшін арнайы жағдайлар жасау қолайсыз. Бізге ұсыныс енгізіңіздер, біз оларды барлық қажетті мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдарды тарта отырып қарастыратын боламыз. Біз өз құзыретіміздің шеңберінде ірі мұнай-газ операторларының жылдық сатып алу жоспарларын жариялауына қол жеткіздік. Бұл жұмыстардың барлығы ел басшылығы мен Үкіметтің тапсырмаларын орындау аясында жүргізіледі. Мен барлық компанияның басшыларын бұған толық жауапкершілікпен қарауға шақырамын.
Энергетика министрі жер қойнауын пайдаланушылардың тауарлары мен көрсетілетін қызметтерін сатып алу кезінде толық ашықтықты қамтамасыз етуді тапсырды.
Кеңесті қорытындылай келе, Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин көтерілген мәселелердің барлығы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін маңызды екенін атап өтті.
- Біз әрқашан отандық және шетелдік инвесторларды қолдаймыз, бұл өңірде жаңа жұмыс орындарын ашуға, салық базасын ұлғайтуға мүмкіндік береді. Бұл – Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы. Бірақ бұл ретте инвесторлар өздерінің жауапкершілігін сезініп, жергілікті халық үшін әлеуметтік мәселелерді шешуге көмектесуі тиіс. Біз жыл сайын жер қойнауын пайдаланушылармен әлеуметтік міндеттемелер туралы меморандумдар жасасамыз, осының арқасында бүкіл әлем үшін биылғы жылдың өте күрделі болғанына қарамастан, мұнай-газ секторындағы жұмыс орындарының қысқаруына жол бермей, жалақыны ұлғайтуға қол жеткіздік. Қиындықтар мезгіл-мезгіл туындайды, біз оны жасырмаймыз. Әлеуметтік аспектілерді ескеріп, өндірістік қызмет салдарынан туындайтын проблемалар үшін жүйелі шешімдер табу керек, - деді Оңдасын Оразалин.
Пікір қалдыру