Бестамақ ауылындағы шошқа фермасынан Ақтөбе облысының экологиясына келтірілген шығын 7,2 миллиард теңгеге бағаланды. Шошқа фермасына көрсетілген айыппұлды төлеуге бір ай уақыт берілді, деп хабарлады "Мой Город" порталы.
Кәсіпорынды тексеру нәтижелері туралы облыстық экология департаментінің басшысы Нұржан Аққұл хабарлағандай, "Парижская коммуна 21" ЖШС кент маңындағы траншеяларда көмілген өндірістік және биологиялық қалдықтардың ауданы 5,6 гектарды құрады.
– Бұл алаңның ластануына байланысты шығын – 14 миллион теңге. Осыған байланысты қылмыстық іс басталды. Тексеру барысында траншеяның бір бөлігі қазылып, сол жерден 189 тонна қалдық шығарылды, – деді Нұржан Аққұл.
Тексерушілер анықтағандай, жобада мәлімделген 40 мың бас шошқаның орнына фермадан 50 мыңнан астам бас табылған. Экология департаментіне сұратылған мәліметтерді ұсынбағаны үшін де әкімшілік іс қозғалды.
– Барлық келтірілген шығын 7 миллиард 27 миллион теңгені құрады. Олар бір ай ішінде өтелмесе біз сотқа жүгінеміз. Сондай-ақ, кәсіпорынға бұзушылықтарды түзету туралы ұйғарым берілді, егер олар орындалмаса, сот арқылы оның жұмысын тоқтата тұруды талап етеміз, – деді Ақтөбе облысының бас экологы.
"Париж коммунасы 21" кәсіпорнының жұмысы 2011 жылдан бері тексерілмегені анықталды.
Ақтөбе облыстық ветеринарлық инспекция басшысы Темірбек Нұртазиннің ақпараты бойынша, шошқаның бір басын сойған кезде 8,5 килограмм қалдық қалады. Бестамақтағы шошқа фермасында күніне 300 шошқа сойылған, сондықтан күнделікті қалдықтардың көлемі 2550 килограмды құраған.
Бестамақ ауылындағы шошқа фермасына қатысты жанжал қараша айының ортасында өршіген еді. Жергілікті тұрғындар аудандағы иіс пен кірден шаршаған соң шошқа кешенін жабуды талап еткен болатын.
Пікір қалдыру