Бас прокуратура қазақстандық банктің азаматтардан несиелері мен қарыздары бойынша қаражатты негізсіз ұстау фактілерін анықтағанын хабарлады.
Еңбек кодексінде (115-бап) және ″Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы″ Заңында (23-бап) тиесілі жалақы мен зейнетақы сомасының 50%-нан астамын өндіріп алуға тыйым салынған.
Алайда банктер ("Kaspi Bank", "Еуразиялық банк», "Қазақстан Халық банкі", "Хоум Кредит энд Финанс Банк" АҚ) азаматтардың шоттарындағы ақшалай қаражаттарын бекітілген тыйымнан жоғары көлемде есептен шығарған.
– Бұл проблема банктер ақшалай қаражаттың банктік шотқа түскенге дейін жүргізілген атқарушылық іс жүргізу бойынша ұстаулардан хабардар болмауының салдарынан болып отыр. Осындай әрекеттердің нәтижесінде қарыз алушылар өздерінің жалғыз табыс көзінен заңсыз айырылған. Бұл халықтың наразылығын тудыруда, – деп мәлімдеді бас прокуратура.
Бас прокуратураның ұсынуы бойынша Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі аталған проблеманы төмендегі шараларды қабылдау арқылы шешкен.
- клиенттің өтініші негізінде банктер және сот орындаушылары артық төленген соманы 5 жұмыс күні ішінде қайтару алгоритмі қолданысқа енгізілді;
- Қазақстан банктерінің базасы атқарушылық іс жүргізу органдарының автоматтандырылған ақпараттық жүйесімен интеграцияланған.
Заңсыз өндіріп алу фактілері болған жағдайда азаматтар Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне, оның аумақтық бөлімшелеріне немесе прокуратураға шағымдана алады.
Пікір қалдыру