Мүгедектігі бар адамдарға жәрдемақының жаңа түрі енгізіледі

/image/2021/09/16/crop-49_9_516x688_1.jpeg

I топтағы мүгедектігі бар адамдарға күтім көрсетушілерге жаңа жәрдемақы түрі енгізіледі. Бұл туралы сенаттың жалпы отырысының бірінші оқылымында  еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, құжатта мүгедектіктің себебіне қарамастан I топтағы мүгедектігі бар адамдарға күтім жасайтын азаматтарға берілетін жәрдемақыны енгізу қарастырылған.

– Қазіргі уақытта I топтағы мүгедектігі бар 66 мың адамның әрбір үшіншісі күтім жәрдемақысымен де, жеке көмекшінің қызметтерімен де қамтамасыз етілмеген. Заң жобасын қабылдау нәтижесінде сыртқы қамқорлыққа мұқтаж 24 мың адам күтім бойынша жәрдемақымен қосымша қамтылады, – деді ол. 

Сондай-ақ  мүгедектігі бар балалардың барлық топтары үшін жәрдемақы мөлшері 16,7%-дан 37%-ға дейін ұлғайтылады. Бұл  30 мыңнан астам мүгедектігі бар балаға қатысты.

– Қазіргі уақытта мүгедектігі бар балалар ата-аналары ажырасқан кезде бір мезгілде алименттер мен мүгедектігі бойынша жәрдемақы ала алады. Осы норма енгізілген жағдайда 2 мың бала мүгедектігі бойынша жәрдемақымен қатар (мөлшері 41 163 тен 48 023 теңгеге дейін) асыраушысынан айырылған жағдайда жәрдемақы алады (мөлшері 12 063-тен 29 500 теңгеге дейін), –  деп түсіндірді Серік Шәпкенов.

Сонымен қатар, министр мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардың балалары кәмелетке толғаннан кейін тұрғын үй кезегінде 10 жылға дейін тұратынын атап өтті.

Егер баланың 18 жасқа толғанға дейін баспанасы болмаса, онда мүгедектігі бар азамат кезекке қайта тұруға мәжбүр. Бұл норма 20 мыңнан астам отбасына тұрғын үй кезегін сақтауға мүмкіндік береді. 

Бұл заң жобасы 55 млрд теңге сомасына қажетті қаржыландырумен қамтамасыз етілді. Шығын нормалары 2021-2023 жылдарға бөлінген қаражат шеңберінде іске асырылады. 

Қатысты тегтер :

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар