Арон Атабек комаға түсіп қалды. Ақпаратты азаматтық белсенді Айсұлу Әбубәкірова растады.
– Кеше сағат шамамен сағат 10:00 шамасында А. Атабектің жансақтау бөліміне түскені, жеке клиникада жатқаны хабарланған. Содан кейін таңертең комаға түсіп қалды, – деді белсенді.
Биыл 1 қазанда Павлодар соты 2006 жылғы Шаңырақ оқиғасынан кейін 18 жылға сотталған Арон Атабектің қалған жаза мерзімін бостандығын шектеу жазасына ауыстырып, ақынды "денсаулық жағдайына байланысты" түрмеден шығарған.
5 қазан күні белсендінің жағдайы күрт нашарлап, ауруханаға шұғыл жеткізілген. Кейін Атабектің ауруханаға жатудан бас тартқаны белгілі болды. Артынша ол үйінде жасанды тыныс алу аппаратымен демалып жатқаны хабарланды.
10 қазан күні бір топ белсенді Арон Атабек кітабының тұсаукесерін өткізді. Олар туындыны Арон Атабектің бостандыққа шығуына орай жасалған сыйлық екенін айтқан.
Арон Атабек 15 жылдан астам уақыт түрмеде отырды. Ол 2006 жылғы "Шаңырақ" оқиғасынан кейін 18 жылға сотталған. Сот Атабекті "Шаңырақ" оқиғасы кезінде қаза тапқан полиция қызметкерінің өліміне айыпты деп таныған.
Пікір қалдыру