Сейсенбі, 5 қазан күні облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің төрағалығымен облыстық төтенше жағдайлардың алдын алу, жою жөніндегі және облыстық террроризмге қарсы комсиссиялардың бірлескен отырысы өтті.
Жиынға облыс прокуроры, құқық қорғау органдары, төтенше жағдай департаменті мен салаға жауапты басқарма басшылары қатысты. Отырыста суға шомылу және өрт қауіпті маусымдары, қысқы кезеңге автомобиль жолдарын дайындау, мәселелері қаралды.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы М.Аманбаевтың айтуынша, өрт қауіпті кезеңде облыс аумағының дала алқаптарында жалпы 5500 гектардан астам аумақта 240 жану оқиғасы болған. Сонымен қатар, соңғы 2 жылда жазғы мезгілде суға шомылу маусымында қабылданған шараларға қарамастан, судағы қайғылы жағдайлар орын алған. Суда қаза табудың негізгі себептері тыйым салынған жерлерде мас күйінде шомылу, жүзе алмау және балаларды қараусыз қалдыру болып отыр.
Облыстық құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі басқарма бастығы С.Әбденовтің баяндамасында көрсетілгендей, азаматтарды өзекті ақпаратпен қамтамасыз ету мақсатында Комитетпен qamqor.gov.kz сайтында ақпараттық сервис құрылған. Ақпараттық сервисте интернет желісіне қолжетімділігі бар азаматтар 20-ға жуық құқықтық статистика, қылмыстар туралы өтініштерді бақылау, қылмыстылық картасы, жол-көлік оқиғалары картасы, әкімшілік құқық бұзушылыққа шағым жасау сынды ақпараттық қызметтерден өзіне қажетті мәліметтерді ала алады.
Аймақ басшысы баяндамашыларды тыңдап, жауапты сала басшыларына төтенше жағдайлардың алдын алу және қысқа даярлық жұмыстарын жүргізу жөнінде бірқатар нақты тапсырмалар берді.
Пікір қалдыру