Қаңтар оқиғасында азапталған қырғыз музыкантына қатысты тергеу аяқталды

/image/2022/07/12/crop-8_94_447x794_1644849362_img_20220214_193935_761.jpg

Қаңтар оқиғасынан кейін Қазақстанда ұсталып, азаптауға ұшыраған қырғыз музыканты Викрам Рузахунов өзіне қатысты тергеу жұмыстарының аяқталғанын хабарлады. Бұл туралы музыкант өзінің facebook парақшасында жазды.

Оның айтуынша,  Бішкек құқық қорғау органдары тергеу нәтижелерін Қазақстанға жібереді.

"Сарапшылар денсаулығыма ауыр зиян келгенін анықтады. Жиналған материалдар Қырғызстанның Бас прокуратурасы арқылы кінәлі тұлғаларды анықтау және қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін Қазақстанның құзырлы органдарына жіберілетін болады", деді Викрам Рузахунов.

9 қаңтарда "Қазақстан" және "Хабар 24" арналары "Қазақстандағы митингке қатысқаны үшін Қырғызстан азаматы ақша алған" деген сюжет көрсеткен. Видеода беті-аузы көгерген азамат 1 қаңтарда бейтаныс адамдар телефон арқылы хабарласып, митингіге қатысу үшін 90 мың теңге ұсынғанын, билет әпергенін, Қазақстанда пәтерге орналастырғанын айтады. 

Көп ұзамай қырғызстандық басылымдар видеодағы адам Қырғызстанда белгілі джаз музыканты Викрам Рузахунов екенін, Қазақстанға концертке келгенін жарыса жазды. 

Ұзамай Рузахунов босатылып, 10 ақпан күні әлеуметтік желідегі парақшасында Қазақстанның тергеу изоляторында азапталғанын мойындап, мәлімдеме жасады.

Ақпан айында Қырғызстанда Викрам Рузахуновтың азапталуына байланысты қылмыстық іс қозғалған.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар