2015 жыл егеменді еліміздің тарихында ерекше орын алатын айтулы жылдардың бірі болып отыр.
Биыл бабалар рухын, тарихымызды құрметтеуге бағытталған «Қазақ хандығының 550 жылдығы»;
Қазақстанның зайырлы мемлекет, дамыған елдердің қатарына қосылып келе жатқанын дәлелдейтін Ата Заңымыз – Конституциямыздың 20 жылдығы;
Еліміздің татулық пен бірліктің, тыныштықтың символы екенін көрсететін Ассамблеяның 20 жылдық мерейтойы болды.
2015 жылы Президент сайлауы өткізіліп, біздер - Қазақстан халқы Елбасымызды қалай құрмет тұтатынымызды тағы да көрсеттік.
Осы шаралардың өтуінің өзі Қазақстанда орын алған бейбітшілік пен дін аралық, ұлт аралық татулықтың белгісі.
Биылғы жылы еліңміздің тәуелсіздік жолындағы алғашқы қадамдарының бірі болған «Желтоқсан оқиғасына» 29 жыл толады.
Кешегі қаһарлы қыста, егеменді еліміздің ертеңі үшін, бүгінгі жарқын болашақ үшін алаңға шыққан жастардың – бүгінгі орта буын біздің замандастарымыздың алдында тұрған міндет бүгінгі жастарды Отанды сүюге, ел мен жерді қорғауға тәрбиелеу.
Осыған байланысты, «Желтоқсан оқиғасының» 29 жылдығы қарсаңында Алматы қалалық әкімшілігімен бірлесе отырып, бірқатар іс-шаралар жүзеге асырылмақ. Сонымен қатар, қаланың аудан әкімдері де өздерінің жеке жоспарларын бекітті.
16-17 желтоқсан қарсаңында желтоқсандықтар қаламыздың барлық жоғары оқу орындарында студенттер мен орта мектептерде оқушылармен кездесу ұйымдастырылмақ, «Желтоқсан әндері» атты ән кеші және басқа да көптеген іс-шаралар атқарылмақ.
Осының барлығы 2016 жылы болатын «Ұлт азаттық көтерілістің» 100 жылдығы, «Желтоқсан оқиғасының» 30 жылдығы және Тәуелсіздіктің 25 жылдығы қарсаңындағы дайындық болады.
Сол себепті, Біз - Желтоқсан ұйымдарының өкілдері ресми түрде мәлімдейміз:
- «Желтоқсан оқиғасын» саясиландыруға;
- оны белгілі топтардың жеке бас мүддесіне пайдалануға;
- сол арқылы еліміздегі бейбітшілік пен татулықты бұзуға;
- ұлтаралық араздықты қоздыруға;
- Тәуелсіздік туын жығып, еліміздің шаңырағын шайқалтуға жол бермейміз.
Құрметті азаматтар, біз «желтоқсандықтар» ұлттық диаспора өкілдерін, үкіметтік емес ұйымдарды, саяси құрылымдарды және барша жұршылықты алдағы атаулы меркелерді атап өтуде ұйымшылдық танытып ат салысуға ресми түрде шақырамыз!
Пікір қалдыру