Шымкентте әріптесінің ұялы телефонынан несие рәсімдеген тұрғын бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы Polisia.kz хабарлады.
Тұран ауданының тұрғыны қымбат смартфонының ұрланғанын айтып, полицияға арызданған. Ол жоғалған смартфон арқылы банк қосымшасынан 1 млн-нан аса теңге көлемінде онлайн-несие рәсімделгенін мәлімдеген. Бұл туралы жәбірленуші барлық мобильді қосымшаны жаңа ұялы телефонына жүктегенде білген.
Тергеушілер Қылмыстық кодекстің 188-бабы 2-бөлігі бойынша (Ақпараттық жүйеге заңсыз қол жеткізу арқылы жасалған ұрлық) бойынша тергеуді бастады.
Криминалдық полицейлер күдіктінің кім екенін анықтады. Ол арызданушының үйіне түскі асқа келген әріптесі болып шыққан. Ұры ұялы телефонды заңсыз иемденіп, онымен несие рәсімдеген.
Күдікті сол күні полиция басқармасына жеткізілді. Тергеушілер оның ұрланған смартфонды танысына сатып жібергенін анықтады. Ұрланған мүлік заңды иесіне қайтарылды.
Жиналған барлық айғақты полицейлер айыптау актісімен бірге сотқа жіберді.
Сот үкіміне сәйкес, қылмысты жасаған ер адам 1 жылға бас бостандығынан айырылды.
Пікір қалдыру