Республикалық маңызы бар жолдарды салуға отандық кәсіпорындарды тарту керек. Бұл туралы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.
- Келесі – автожол мәселесі. Еліміз үшін айрықша маңызды «Астана-Балқаш-Алматы» тас жолы әлі күнге дейін жөнделіп біткен жоқ. Құрылыс 2017 жылдан бері жүріп жатыр. Республикалық маңызы бар «Атырау-Астрахань», «Ақтөбе-Қандыағаш», «Талдықорған-Өскемен» жолдарының жөнделіп жатқанына 5 жылдан асты. Биыл осы жұмыстар біржола аяқталуға тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ ол жол мәселесіне қатысты бірнеше мәселені ескеру қажеттігін айрықша айтты.
- Қалыптасқан тәжірибеге қарасақ, республикалық маңызы бар жолдардың тендерін көп жағдайда тек шетел компаниялары ұтып алады. Мұндай жобаларға қолынан іс келетін, тиісті техникамен жабдықталған өз кәсіпорындарымызды тарту керек. Сонымен қатар, жол құрылысына қажетті техниканы елімізде шығару жолдарын дамытып, өзіміздің дайын өнімді пайдалану керек. Жалпы, жол мәселесіне келгенде бір ғана мақсат болуға тиіс. Республикалық немесе аймақтық жол болсын, еліміздегі жолдың бәрі сапалы болуы керек. Әзірге жағдай мәз емес»», – дейді.
Пікір қалдыру