Алматыда «Тау-самалы» ықшам ауданында бүгінгі түнгі 02:20 уақытында лай көшкіні жүріп, екі жер үйді басып қалды. Оқиға орнында іздеу-құтқару жұмыстары әлі жалғасуда. Таңертең Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев техногендік сипаттағы апат орнына шұғыл келіп жетті. Оқиға себептерін анықтау және апат салдарын жою жөнінде жедел көшпелі кеңес құрылды. Таңғы сағат 08:00-дегі жағдай бойынша іздеу-құтқару жұмыстары әлі жалғасуда.
«Бір үй бүтіндей, бір үй жартылай бүлінген. Бір үйдің отбасы мүшелері іздестіріліп жатыр: 4 адам, оның екеуі - бала. Апат орын алған көшедегі үйлердің бір-біріне өте жақын орналасуы төтеншіліктердің жұмысына белгілі бір деңгейде кедергі келтіруде», делінген қалалық ТЖД хабарламасында.
Сол маңдағы үйлердегі (жер үй) адамдар арнайы орындарға эвакуацияланды. Бірнеше сағаттан кейін олар өз еркімен туыстарының, достарының үйлеріне баратынын айтып, тарқасқан.
Оқиға орнында "Қазселденқорғау" ММ, Алматы қаласының "109 құтқару қызметі" ММ, Республикалық жедел-құтқару жасағы, Алматы қаласы ТЖД, ТЖМ 28237 әскери бөлімі, жедел медициналық көмек бригадасы, Медеу ауданының әкімдігі қызметкерлерін қоса алғанда, 160-тан астам адам және 30 бірлік техника жұмыс істеп жатыр.
Пікір қалдыру