18 сәуір күні Алматыдағы И.Крылов атындағы кітапханада этнограф Болат Бопайұлының «Адамзат рухы – қамшы» және салт-дәстүрге байланысты «Фолиант» баспасынан шыққан «Қазақ дәстүрлері», «Қазақ дастарханы», «Қазақ батасы», «Қазақ ырым ғұрыптары» атты 4 кітабының таныстырылымы өтті.
Сондай-ақ аталмыш кітапханада этнографтың құрметіне «Тылсымның тілі – ортақ тіл» бұрышы ашылып, оның кітаптары мен төте жазуымен жазған қолжазба еңбектері қойылды.
Кештің алғысөзін ашқан Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, ақын Бақыт Беделхан кітапханадағы бұрыштың ашылу мақсаты «адамның дүниеге келіп, өсіп-өніп, бақилық болғанына дейінгі ғұрыптың бәріндегі мол мағына, терең тағылымды ұрпақ санасына сіңіру» деп түсіндіреді.
Ал Этнограф Болат Бопайұлы:
-Қазақ салт-дәстүрлеріне байланысты кішкентай кітаптарымыз алдағы уақытта үлкн жиын-тойларда тойбастар ретінде таратылатын болады. Ал «Адамзат рухы – қамшы» кітабымызда қамшының дәлелденген 72 түрі туралы жаздым. «Қамшы» сайтының жетекшісі Біләл Қуаныш дейтін бауырымыз «Алтын қамшы», «заманауи қамшы», «бала қамшы» т.б қамшының түрлерін жасап шығарып, әрі кітаптың шығуына себепші болды, – дей келе, қамшыны тек мал айдайтын не әйел сабайтын құрал деген жансақ түсініктен арылып, қамшының өзге де қасиетімен кітап арқылы танысуға шақырды.
Жиын барысында этнографтың досы, ақын, журналист Слямхат Сейітхамзаұлы мен «Alatau Aqparat» ЖШС медиахолдингінің Бас директоры Ержан Қалымбайұлы сөз сөйлеп, жылы лебіздерін білдірді.
Кеш соңы күйші Аршын Кәсімбайұлының күйімен аяқталды.
Пікір қалдыру