Ақтаулық «Каспий» футбол клубы бірінші лига аясында өскемендік «Алтай» командасына қарсы ойын өткізіп, жеңіске жетті. Сондай-ақ, бұл ойын Жаңаөзенде алғаш рет өткізіліп отыр, деп хабарлайды Қоғамдық коммуникация орталығы.
12 сәуір күні өткен ойынға Жаңаөзен қаласының әкімі Жансейіт Қайнарбаев арнайы қатысты. Ол өз сөзінде, бүгінгі лига қала үшін тарихи сәт болғанын атап өтті.
-Жаңаөзенде ашық футболдан алғаш рет жарыс өтіп жатыр. Алдымен осы ойынның өтуіне үлкен септігін тигізген облыс әкімі Ноғаев Нұрлан Асқарұлына алғысымды білдіремін. Бұл ойын біздің жастарымызға, өскелең ұрпаққа спорттың жаңа бағытын көрсетіп, серпін береді деген үміттемін. Футбол - халық арасында жоғары танымалдылыққа ие болуда. Сондықтан, ары қарай футболды Жаңаөзен қаласында дамытуды жалғастырамыз деген сенімдемін, - деді Жансейіт Қайнарбаев.
Жарыс Жаңаөзен қаласындағы Әмин Тұяқов атындағы стадионда болды. Ойынға мыңдаған жанкүйерлер қатысып, жерлестерімізге қолдау көрсетті.
Бірініші лига нәтижесінде, «Каспий» футбол клубы 4:1 есебімен жеңіске жетті.
«Каспий» футбол клубының басшысы Нұржан Жалғасбаев жарысқа спортшылардың дайындығы жоғары деңгейде болғанын айтып өтті.
-Бірінші лигага ақпан айынан бастап дайындықты бастадық. Бұл «Каспий» футбол клубы үшін жыл басынан бері екінші ойын болды. Алғашқы ойын Арыс қаласында өтіп, жеңіспен оралған болатынбыз. Дәл сол нәтижені бүгін көрсеттік, - деді Нұржан Жалғасбаев.
Ойын соңында екі команданың өкілдері баспасөз конференциясына қатысып, бүгінгі лига туралы өз пікірлерімен бөлісті. Алдағы уақытта «Каспий» футбол клубының өз жерімізде болатын жарыстарының барлығы Жаңаөзенде өтетін болады.
-32 жылдан кейін қаламызға үлкен футбол қайта оралды. Мен осындай жоғары деңгейдегі жарысқа алғаш рет келіп тұрмын. Өте қатты ұнап жатыр. Атмосферасы тым бөлек. «Каспий» футбол клубының жанкүйерімін. Менің жанымда достарым да бар. Барлығымыз ақтаулық командаға сенеміз. «Каспий» алға! Спортшыларымыз жақсы ойын көрсетіп жатыр. Ары қарай да үлкен жеңістер күтеміз. Бүгінгідей жарыстар Жаңаөзенде көбейсе, жанкүйер ретінде қуанатын боламыз, - деді жанкүйер Ернар Нұрланұлы.
Айта кетейік, қала әкімдігі халықтың футболға деген зор қызығушылығын көріп, Жаңаөзенде «Каспий» футбол орталығы бөлімшесінің ашуға қолдау білдіретінін жеткізді.
Пікір қалдыру