Ұрпақ тәрбиелеудегі ерекше тәлім-тәрбиесі, ереже-дәстүрі арқылы ұлтымыз бүгінгі егемендікке жетіп отыр. Қазақтың бала тәрбиесі жөнінде арнайы жазған заңы жоқ. Бірақ «жаман болады» деген жақсы сөзі бар. Сол – заң. Сол – ереже. Өйткені, жас балаға жағымсыз нәрселерді түсіндіру өте қиын. Сондықтан «жаман болады» деп келте қайырады. Енді солардың біразына тоқатала кетсек.
- Түнде күл төксе жаман болады (шоқ ілесіп, өрт кетуі мүмкін).
- Қол жуған соң сілкісе жаман болады(тамаққа, киімге шашырайды).
- Қатар отырған екі адам ет кессе жаман болады (оқыстан пышақ тиіп кетуі мүмкін).
- Түнде тырнақ алса жаман болады(қараңғыда кесіп кетуі, болмаса, ыдыс-аяққа түсіп кетуі мүмкін).
- Кеште мал табынын араласа жаман болады(мал жусауы бұзылады).
- Туыстар ара ит алысса жаман болады (ит біреуді қапса жаупкершілігі қузалады).
- Саусақпен адам санаса жаман болады (құрметсіздік әрі күпірлік).
- Шаш жайса жаман болады (тамаққа, суға түседі және ері өлген әйел шашын жаяды ).
- Түнде түс айтса жаман болады (көңілі бөлініп, жақсы ұйықтай алмайды).
- Ауылға шауып келмейді (адам мен малдың тыншытығы бұзылады. Және өлім хабарын әкелушілер ғана шауып келеді).
- Жылқыны басқа ұрса жаман болады (көзі шығып кетуі мүмкін).
- Баланы бесікке аластамай жатқызса жаман болады (от жарығынан жыбырлауық және басқа зиянды жәндіктер қашады).
- Түнде суға барса жаман болады (бала шошынуы немесе суға лас нәрселер ілесуі мүмкін).
- Суға дәрет сындырса жаман болады (су арамданады).
- Күлді басса жаман болады (аяқ былғанады).
- Құс жұмыртқасын шақса жаман болады (құстардың тұқымы құрып кетуі мүмкін).
- Балтадан, күректен, ала жіптен аттамайды (жығылып жаралануы мүмкін).
Пікір қалдыру