Әлеуметтік желіде qazaq_robin_hood лақап атымен танылған «Елге көмек» қайырымдылық қорының жетекшісі Ілияс Сариев ұсталды.
Бұл туралы заңгер Нұрсұлтан Орынбеков әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
«Қазақ Робин Гуд — Ілияс Сариев алаяқтық бабы бойынша ұсталды», — деп хабарлады ол.
Алматы қалалық полиция департаменті бұл ақпаратты растады. Қазіргі уақытта қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
«Алмалы аудандық полиция басқармасына қарасты бөлімде алаяқтық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Жан-жақты әрі объективті тергеуге бағытталған бірқатар тергеу шаралары жүргізілуде. Нәтижесінде процессуалдық шешім қабылданады», деп хабарлады Алматы полиция департаменті.
Бұған дейін «Елге көмек» қайырымдылық қоры дауға іліккен болатын. Әлеуметтік желіде қор қаржыны мақсатсыз жұмсағаны туралы ақпарат тарады. Тіпті журналист Гүлмира Әбіқайға бірнеше адам хабарласып, алданып қалғандарын айтқан. Қор әлеуметтік желіде «үй алып бердік» деп есеп бергенімен, шын мәнінде ол үй иесіне берілмегені айтылды. Алайда қор жетекшісі Ілияс Сариев бұл ақпараттың барлығын жоққа шығарған еді.