Президент Жолдауын жүзеге асыру: Қазақстандағы әлеуметік саясаттың жүйелі шаралары мен нәтижелері

/uploads/thumbnail/20250902200826168_big.webp

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында берген тапсырмаларын орындау аясында әлеуметтік сала мен еңбек нарығын сапалы трансформациялауға бағытталған жүйелі жұмыстар жүргізілуде.

Үкіметтің басты назары Жолдаудың негізгі қағидаттарын іс жүзіне асыруға бағытталған. Әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ету шеңберінде мемлекеттік қолдаудың проактивті және атаулы моделіне көшу жүзеге асырылып жатыр, барлық азаматтар үшін тең мүмкіндіктері бар инклюзивті орта қалыптастырылуда. Экономикалық өсуге жәрдемдесу мақсатында нәтижелі жұмыспен қамтуды ынталандыру, кәсіпкерлік бастамаларды қолдау және сапалы жұмыс орындарын құру жөніндегі шаралар кешені жүзеге асырылуда. «Заң мен тәртіп» қағидатын қамтамасыз ету азаматтардың еңбек құқықтарын қорғауды күшейтуде, қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз етуде және сындарлы әлеуметтік әріптестікті дамытуда көрініс табады.

Мемлекет басшысының Жолдауында және өзге де тапсырмаларында қойылған міндеттерді жүзеге асыру барысы туралы толығырақ Primeminister.kz сайтындағы шолудан оқыңыз.

Әлеуметтік қолдаудың трансформациясы: атаулы бағыт, проактивтілік және цифрландыру

Мемлекет жыл сайын шамамен 4,5 млн адамды төлемдермен қамти отырып, өзінің әлеуметтік міндеттемелерін уақтылы және толық көлемде орындап отыр. Биылғы 7 айда жоспарланған 6 трлн теңгенің 3,4 трлн теңгесі төленді. Оның ішінде:

  • 2,5 млн зейнеткердің 2,5 трлн теңге сомасында зейнетақысы;

  • жалпы сомасы 382 млрд теңге болатын 542 мың азаматқа арналған мүгедектігі жөніндегі және 195 мың отбасыға арналған асыраушысын жоғалтқанына байланысты жәрдемақы;

  • 613 мыңнан астам көпбалалы отбасыға және 243 мың марапатталған аналарға арналған 354,5 млрд теңге төлемдер;

  • 200 мыңнан астам отбасыға арналған бала тууына және бала күтіміне қатысты берілетін 61,8 млрд теңге жәрдемақы;

  • 102 млрд теңге көлемінде өзгедей де төлемдер.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әлеуметтік қолдаудың атаулы бағыты күшейтілді. Негізгі өзгеріс санаттарға бөлу қағидатынан нақты қажеттілік критерийлеріне көшу туралы болды. Ол үшін әр отбасының әл-ауқатын объективті бағалауға мүмкіндік беретін скорингтік модель жасалды. Жаңа тәсілдер ендігісі Шымкент пен Қарағанды облысында сынақтан өткізілуде.

«Біз мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелерін қысқартпаймыз. Аталған өзгерістер зейнетақыға, мүгедектік бойынша, асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақыға және республикалық бюджеттен төленетін басқа да төлемдер сияқты мемлекеттік кепілдіктерге еш әсер етпейді. Біз жергілікті деңгейде көрсетілетін әлеуметтік қолдаудың атаулылығы мен ашықтығын күшейтеміз», — деп түсіндірді еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова.

Атаулы әлеуметтік көмекті (АӘК) тағайындау кезінде енді медианалық табыс көрсеткіші қолданылады, сондай-ақ отбасының кірістері ғана емес, шығыстары да ескеріледі. АӘК-ке осы жеті айда 18,6 млрд теңге төленген, оны 48 мың мұқтаж отбасы алды. Еңбекке қабілетті азаматтар үшін көмек әлеуметтік келісімшарт талаптарында көрсетіледі: биыл оны алушы 8,3 мың адам отбасылық табысын арттыру үшін жұмысқа орналастырылды.

Атаулы және белсенді көмектің технологиялық негізі – «Бірыңғай цифрлық платформа және Отбасы картасы». Оның мақсаты – бюрократия мен адами факторды болдырмау үшін әлеуметтік көмектің барлық түрлеріне арналған бірыңғай «сандық терезе» құру. Платформа әртүрлі мемлекеттік жүйелердегі деректерді талдайды және қай отбасының қолдауға мұқтаж екенін өз бетінше анықтайды.

Жүйеге бүгінде 128 Отбасын қолдау орталығының қызметі кіріктірілген, ал жұмысқа білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, полиция және пробация қызметі салаларынан 32 мыңнан астам мобильді топ мамандары жұмылдырылған. Осы цифрлық экожүйенің арқасында өмірлік қиын жағдайға тап болған 4 мың отбасы қазірдің өзінде толық кешенді қолдауға ие болып отыр.

Қатысты тегтер :

Қатысты Мақалалар