Тоқаев: Парламенттік республикаға айналу мәселесі күн тәртібінде тұрған жоқ

/uploads/thumbnail/20250911145500983_big.webp

Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Парламент құруға қатысты пікір білдірді. Президенттің айтуынша, Парламенттік республика құру күн тәртібінде тұрған жоқ. Бұл туралы ол  «Бейбітшілік пен құқыққа негізделген болашақ» атты конституциялық сот төрелігінің халықаралық форумында айтты. 

– Жолдауда біздің жаңғыруға, инновацияға, орнықты дамуға, ғаламдық күн тәртібіндегі Қазақстанның беделін нығайтуға, халықаралық ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктерін ілгерілетуге қатысты ұстанымымыз көрініс тапты. Шетелдік серіктестеріміздің осы басымдықтарды айқын түсінгені өте маңызды деп санаймын. Басты мақсат – Қазақстанды технологиялық тұрғыдан озық елге айналдыру. Сондықтан жасанды интеллектінің қолдану аясын кеңейту және жаппай цифрландыру жаңа ұлттық идеяға айналады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Бұдан бөлек, президент парламент жүйесінде алдағы уақытта болатын өзгерістерге тоқталды.

– Ашығын айтқанда, бұл реформа саяси жүйеміздің институционалды базасын нығайтуды көздейді. Парламенттік республикаға айналу мәселесі күн тәртібінде тұрған жоқ. «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидаты сақталады. Жалпыұлттық референдум өткізу туралы ұсыныс бұл тұжырымдаманың өміршеңдігін көрсетеді. Еліміздің болашағына қатысты шешімдерді бірлесіп қабылдау қажет. Сол себепті мен саяси жоспарларымыз туралы алдын ала айтамын. Бұған дейінгі реформалар кезінде де, АЭС құрылысына қатысты референдум өткізгенде де осы ұстанымнан айныған жоқпыз, – деді президент.

Қатысты Мақалалар